Жамбылдық полицейлер волонтерлерге арнап кинология орталығына экскурсия ұйымдастырды.
«LIDER.KZ» іздеу қозғалысының волонтерлері Жамбыл облысы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығына экскурсияға барды. Іс-шараны ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды.
Волонтерлер нұсқаушы-кинологтармен, қызметтік иттермен танысты. Оларға Кинологиялық қызмет орталығының жұмысы туралы айтылды. Қонақтар құқық қорғау органдарының төрт аяқты көмекшілерінің көрсетілімдерін тамашалады. Көрсетілім барысында есірткіні алмастыратын арнайы ұнтақтар қолданылды.
Криминалистикалық одорологияға (одорология — иістер туралы ғылым) мамандандырылған «Лоя» және «Бава” атты қызметтік иттер есірткі іздеу бойынша өз дағдыларын көрсетті.
Полиция қызметкерлері қонақтарға «Есірткісіз болашақ» тақырыбында дәріс өткізді.
— Иттер адамдарға пайдалы көптеген функцияларды орындай алады. Олар қылмыстарды ашуда және тергеуде қажет. Бұл иттердің әрқайсысының есебінде ұсталған қаскүнемдер, ашылған қылмыстар, табылған есірткі немесе жарылғыш заттар бар, — деп атап өтті Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.