Ағымдағы жылдың алты айында Жамбыл облысында экономиканың барлық салаларында оң динамика қалыптасқан. Оған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы тапсырмаларды өңірімізде тиімді іске асырудың нәтижесінде қол жетіп отыр. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде жан-жақты айтылды, — деп хабарлайды Тarazy.kz ақпарат агенттігі.
Биыл бірінші тоқсанда жалпы өңірлік өнім 463,1 миллиард теңгені құрап, 5 пайызға артқан. Ал, алғашқы жарты жылдықта экономикалық өсім 104,1 пайызды құраған.
Сол секілді өнеркәсіп — 108,1 пайыз, ауыл шаруашылығы — 102, құрылыс — 105,7, тұрғын үй көлемі 103,7, сауда – 105,3, байланыс — 101,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. 155,8 иллиард теңге инвестиция тартылып, 255 миллиард теңгеге көлік қызметі көрсетілген.
Өзіндік кірістер 58,9 миллиард теңгеге орындалып, 25,7 пайызға артса, бюджет қаражаты 99,9 пайызға игерілген. Бұл көрсеткіштердің барлығы республикалық орташа көрсеткіштен жоғары қалыптасқан.
Облыс әкімі көрсеткіші төмен салалық басқармалардың басшыларынан жауаптар алып, жұмысты ширатуды тапсырды.
«Аудандар мен басқармалар өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек. Әзірге ол байқалмайды. Орталық атқарушы органдармен де жүйелі байланыс орнату маңызды», — дейді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.
Жылдың қорытындысымен барлық индикаторлар орындалуы тиіс. Ешқандай сылтау қабылданбайды!
Басқармалардың өздеріне тиесілі көрсеткіштерге қатысты жауаптарына қанағаттанбаған облыс әкімі өзінің орынбасары Нұржан Календеровке индикаторлар бөлінісін қайта қарауды жүктеді.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасарлары Нұржан Календеров пен Еркін Үйсімбаев баяндама жасап, әр саладағы атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерге айрықша тоқталды.
Жиында бағаны тұрақтандыру, жұмыссыздықпен күрес, мектептердің асханаларында ас сапасы, жастар саясаты, ауылдық клубтардың штаттық бірлігін арттыру секілді бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.