Ливан мен Сирияның мемлекеттік арналарының хабарлауынша, Сирия мен Ирак шекарасындағы өткізу пунктіне бомба түсіп, екі көпір қирап қалған. Әзірге, жараланғандар мен зардап шеккендер туралы нақты ақпарат жоқ.
«Түрік авиациясы Сириямен шектесетін аудандарындағы күрд жасақтарына қарсы тағы әуе соққысын дүйсенбіде бастаған. Ал бұған дейін күрділерді ашықтан ашық қолдап келген АҚШ олармен аяқ-асты келісімді үзіп, Анкараның өте ауқымды әскери операциясына араласпайтынын айтқан. Бұл жайында Америка президенті Дональд Трамп Реджеп Тайып Ердоғанмен телефонмен сөйлесуі кезінде мәлімдеген», — деп жазады әлемдік БАҚ.
Бір қызығы, жыл басында Трамп егер Анкара күрд жасақтарын әуеден атқылайтын болса «Түркияның экономикасын құлдыратамын» деп сес көрсеткен еді. Ал Сирияның демократиялық күштері АҚШ-тың бұл әрекетін сатқындық деп бағалады.
«Күрд жасақтары Сирияның солтүстігінде «Ислам мемлекетінен басып алған үлкен аумақты иеленіп отыр. Ал АҚШ Түркияның әскери операция өткізуіне жол бермейміз деп талай уәде берген. Ақ үйдің бұл әрекетін ойламаған жерден «арқаға қанжар сұғу деп есептейміз», — деді Сирия демократиялық күштерінің өкілі.
Ал Анкара күрд жасақтарының көзін құрту арқылы Сирияның солтүстік-шығысына қарай қауіпсіз аймақ құрғысы келетінін айтады. Осы арқылы екі миллионға жуық босқынға уақытша пана тауып бергісі келеді. Бірақ, Сирияның демократиялық күштері Түркия Сирия аумағынан күрдтердің автономия құруынан қорқып отырғанын мәлімдеді. Ал ресми Дамаск Анкараның әрекетін заңсыз деп шекарадан әскерін дереу алып кетуді талап етіп жатыр.