14 тамызда Қазақстанның бірнеше өңірін жарықсыз қалдырған ірі апаттың нақты себебі әзірге толық ашылған жоқ. Үкіметте мәселе қайта көтеріліп, Премьер-министр Олжас Бектенов энергетикалық жүйенің сенімділігін күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, апатты мемлекеттік комиссия әлі де тексеріп жатыр. Негізгі сұрақ – алғашқы ақаудан кейін Алматы энергия торабы неге ажырап кетті және Қазақстанның электр желілеріндегі қорғаныс жүйелері қалай жұмыс істеді?
Бәріне Тоқтоғұл кінәлі ме?
«KEGOC» мәліметінше, 14 тамызда Қырғызстандағы Тоқтоғұл ГЭС-інің екі гидрогенераторы ажыратылған. Соның салдарынан электр энергиясының транзитіне түсетін жүктеме артып, апатқа қарсы автоматика іске қосылған.
Нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік энергетикалық аймағы елдің бірыңғай энергожүйесінен және Орталық Азияның энергожүйелерінен бөлініп кеткен.
Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды облыстары, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау және Абай облыстары жарықсыз қалған.
Қырғызстан тарапы Тоқтоғұлдағы екі агрегаттың ажыратылғанын жоққа шығармайды. Бірақ одан кейін Қазақстанда не болғаны әзірге комиссияның еншісінде.
2,5 сағатта жарық қайта жанды
«KEGOC» апаттан кейін қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастаған. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның бүкіл энергожүйесі шамамен 2,5 сағатта қайта қалпына келтірілген.
Бірақ мәселе мұнымен біткен жоқ. Тергеу аяқталған соң мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қосымша шаралар қабылданады. Атап айтқанда, релелік қорғаныс пен жүйелік автоматика жабдықтарын кезектен тыс тексеру және баптау көзделіп отыр.
Жаңа қуаттар құтқара ма?
Энергетика министрлігі жаңа генерация нысандарын іске қосуды жалғастырып жатыр. Алматыдағы №2 және №3 ЖЭО, Түркістан облысындағы қуаты 1 мың МВт жаңа бу-газ қондырғысы – сол жобалардың қатарында.
Бұдан бөлек, Оңтүстік аймақтың энергетикалық тұрақтылығын арттыруға арналған 500 кВ Шу – Жамбыл – Шымкент электр беру желісі салынып жатыр. Жоба 2027 жылдың екінші тоқсанында аяқталуы тиіс.
Ал Алматыда 17 және 20 тамызда болған электр өшірулерін министр 14 тамыздағы блэкаутпен байланыстырмай отыр.
Демек, 14 тамыздағы қараңғылықтың басты сұрағы әзірге сол күйі тұр: Тоқтоғұлдағы екі агрегаттың ажыратылуы ғана себеп болды ма, әлде Қазақстанның өз энергожүйесінде де «әлсіз жер» бар ма?
Мұның жауабын мемлекеттік комиссия беруі тиіс.
