2025 жылға қатысты жарияланып жатқан экономикалық статистикаға сәйкес, Қазақстанның тамақ өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі айтарлықтай артқан, деп хабарлайды Tarazy.kz
Qz Economy.Талдау телеграм арнасы мән-жайды толық тарқатып жазды.
Дереккөз мәліметінше, әңгіме негізгі капиталға бағытталған салымдар туралы сөз болып отыр.
«Негізгі капиталға инвестициялар дегеніміз – кәсіпорындардың өндірісті дамытуға жұмсайтын қаражаты. Бұған ғимараттар салу немесе жөндеу, құрал-жабдық сатып алу мен жаңғырту, арнайы техниканы алу сияқты өндіріс қуатын арттыруға бағытталған шығындар жатады», — дейді дереккөз.
Былтыр Қазақстанда азық-түлік өндірісіне салынған мұндай инвестициялар күрт өсіп, шамамен 390 млрд теңгені құрады. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 180 млрд теңге шамасында болған еді. Осылайша, өсім екі есеге жуықтап, кейінгі жылдардағы рекордтық деңгейге жетті.
Сарапшылар мұны саладағы сапалы өзгерістің белгісі ретінде бағалайды. Яғни өндіріс тек қолданыстағы қуатты арттырумен шектелмей, жаңа кәсіпорындар іске қосылып жатыр.
Мәселен, үкімет мәліметінше, 2025 жылы бірқатар жоба жүзеге асқан. Шығыс Қазақстан облысында «Алтай-май» кәсіпорны жылына 169 мың тонна майлы дақылдарды өңдейтін өндірісті іске қосты. Солтүстік Қазақстан облысында «Север Агро LTD» тәулігіне 12 тонна қымыз өңдеу жобасын бастады. Түркістан облысында «Түлкібас жеміс-жидектері» СПК жылына 5 мың тонна шырын өндіруді жолға қойса, Kaz EcoMeat кәсіпорны 20 мың тонна ет өңдеу қуатын іске қосты.
Биыл да жаңа өндірістер саны арта түспек. Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдеу жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылуда, оның қуаты – 300 мың тонна. Алматы облысында Fruit Art жобасының үшінші кезеңі (25 мың тонна жеміс-жидек) жоспарланған. Сондай-ақ «Шин-Лайн» кәсіпорнының балмұздақ өндірісі жылына 35 мың тоннаға дейін кеңейтілмек.
Маңыздысы – бұл инвестициялардың барлығы дерлік бюджеттен тыс көздер есебінен тартылған. Жалпы салымның шамамен 75 пайызы немесе 290 млрд теңгесі кәсіпорындардың өз қаражаты. Одан кейін банктік несиелер – 53,9 млрд теңге, ал банктік емес қарыз қаражаты – 46,3 млрд теңге.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бизнес тарапынан салаға деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді. Нәтижесінде ішкі нарықта отандық өнім көлемі артып, импортқа тәуелділік төмендеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде баға тұрақтылығына да оң әсер етуі ықтимал.
Осылайша, тамақ өнеркәсібі – Қазақстан экономикасының бюджет қаржысына ғана емес, нарықтық инвестициялар есебінен де жүйелі түрде дамып келе жатқан салаларының бірі.
