Астанада марқұм Ақнәр Хамиттің анасы мен тағы екі жастың аналары полиция қызметкерлері тарапынан ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Бұл туралы алғашында заңгер Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, қайтыс болған жастар – Сана Мерланның, Ақанова Әделдің және Ақнәр Гүлстанның аналары Президент Әкімшілігінің кеңсесі ғимаратына барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұжымдық өтініш тапсыруды көздеген.
Өтініштің мақсаты – балаларының өліміне қатысты қылмыстық істердің объективті, тәуелсіз және толық тергелуін талап ету болған. Алайда аналар ғимаратқа кіріп үлгермей, полиция қызметкерлері тарапынан ұсталып, белгісіз бағытқа алып кетілгені хабарланды. Заңгердің сөзінше, бастапқыда олардың нақты қай полиция бөлімінде екені белгісіз болған.
Кейінірек бұл жағдайға Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, Есіл ауданы полициясына рұқсат етілмеген жиынға байланысты үш әйел жеткізілген.
«Азаматтармен бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін реттейтін қолданыстағы заң талаптарын сақтау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, 2024 жылы 22 жастағы Ақнәр Хамит Алматы қаласындағы тұрғын үй кешенінің жетінші қабатынан құлап, көз жұмған. Бұған дейін марқұмның анасы қызының қазасына қатысты қылмыстық істі Астана қаласына беруді талап еткен болатын.
