Қазақстанда биыл алғашқы тоғыз айда жалған ақпарат таратуға қатысты 64 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов депутаттық сауалға берген жауабында айтты, деп хабарлайды Tarazy.kz
Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруға, 274-бабында көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілік көзделген. Ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы жалған ақпарат пен заңға қайшы контентті жариялауға және таратуға қатысты.
Мәлімет бойынша тоғыз айда 174-бап бойынша 72 қылмыстық іс қозғалып, оның 21-і сотқа жолданған. 274-бап бойынша 64 іс қозғалып, оның тоғызы сотқа жіберілген. Ал 456-2-бап бойынша 124 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Әлеуметтік желідегі заңға қайшы контентті анықтау жұмыстары барысында 184 парақша тексерілген. Нәтижесінде 86 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 56-сына айыппұл салынып, 29-ы қамауға алынған, бір адам қоғамдық жұмысқа тартылған.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерде тарайтын заңға қайшы контентке жауапкершілікті күшейтуді ұсынған еді.
