Қазіргі уақытта Пәкістанның Исламабад қаласында Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен жетекші спорт федерациялары өкілдерінен құралған делегацияның жұмыс сапары өтіп жатыр. Сапар Пәкістан Ислам Республикасына жоспарланған мемлекеттік сапарға дайындық аясында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Tarazy.kz
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – Қазақстан мен Пәкістан арасындағы спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жобаларды іске қосу және спорттық дипломатияны дамыту.

Қазақстан делегациясының құрамында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Бауржан Рапиков, министрлік өкілдері, сондай-ақ грэпплинг, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шахмат және бокс федерацияларының басшылары мен танымал спортшылар бар. Делегация қатарында әлем және Азия чемпиондары, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де қатысып жатыр.
Бүгін, 3 ақпанда, Исламабад қаласындағы Pakistan Sports Board базасында орналасқан Қазақстан–Пәкістан «Dostyq» спорт орталығының салтанатты ашылуы өтуде. Ашылу рәсімі аясында екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалып, Пәкістанның межпровинциялық үйлестіру жөніндегі федералды хатшысы мен ҚР Туризм және спорт вице-министрі құттықтау сөз сөйлеуде. Сонымен қатар қазақстандық және пәкістандық спортшылардың көрсетілімдік белдесулері ұйымдастырылып, шахмат пен тоғызқұмалақ сыныптарының жұмысы таныстырылып жатыр.
Сапар барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қою жоспарланған. Атап айтқанда, Қазақстан–Пәкістан «Dostyq» спорт орталығын құру туралы меморандум, 2026 жылға арналған спорттық іс-шаралардың жол картасы, сондай-ақ қазақ күресі мен кабадди федерациялары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылмақ.
Ресми кездесулермен қатар, қазақстандық делегация Исламабад қаласындағы «Лок Вирса» халықтық мұра музейін және Пәкістан монументін аралап жатыр. Сондай-ақ пәкістандық тараптың ұйымдастыруымен ресми қабылдаулар мен жұмыс кездесулері өтуде.
Аталған жұмыс сапары Қазақстан мен Пәкістан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге, бірлескен оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар өткізуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
