«Dostyq» Қазақстан–Пәкістан спорт орталығы салтанатты түрде ашылды. Бұл шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында өтті, деп хабарлайды Tarazy.kz
2026 жылғы 2–4 ақпан аралығында Исламабад қаласында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің және Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ федерациясының өкілдері Пәкістан Ислам Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар Пәкістанға жоспарланған мемлекеттік сапарға дайындық аясында ұйымдастырылды.
Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Пәкістан арасындағы интеллектуалдық спорт түрлері, оның ішінде тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде дамыту, бірлескен білім беру және спорттық жобаларды іске асыру, сондай-ақ спорттық дипломатияны нығайту болды.

Делегация құрамы
Қазақстан тарапынан сапарға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Рапиков Бауыржан Серикбайұлы , министрлік өкілдері, Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ федерациясының басшылығы мен жетекші спортшылары қатысты.
Делегация құрамында Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті– ҚР Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Әкім Тұрсұн, тоғызқұмалақтан 3 дүркін Әлем чемпионы Серік Ақтаев, ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Азамат Қалдыбаев және халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, ұлттық зияткерлік спорт түрін насихаттаушы мамандар болды.

Негізгі іс-шаралар
3 ақпан күні Исламабад қаласындағы Pakistan Sports Board базасында орналасқан Қазақстан–Пәкістан «Dostyq» спорт орталығы салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасының мемлекеттік әнұрандары орындалды. Пәкістанның провинцияаралық үйлестіру жөніндегі федералды хатшысы және ҚР Туризм және спорт вице-министрі құттықтау сөз сөйледі. Осы жерде тоғызқұмалақ пен шахмат сыныптарының ресми таныстырылымы өтті. Қазақстандық мамандар тоғызқұмалақтың тарихы, ережелері және халықаралық даму перспективалары туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар, Тоғызқұмалақтан 3 дүркін Әлем чемпионы Серік Ақтаев пәкістандық спортшылар мен жаттықтырушыларға арнап шеберлік сабағын өткізді. Сабақ барысында ойынның стратегиялық ерекшеліктері, оқу-жаттығу әдістемелері және халықаралық жарыстарға дайындық тәжірибесімен бөлісті.
Құжаттарға қол қою
Сапар барысында интеллектуалдық және ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған келесі маңызды құжаттарға қол қойылды.
Қазақстан–Пәкістан «Dostyq» спорт орталығын құру туралы меморандум түзілді. Қазақстан мен Пәкістан арасындағы 2026 жылға арналған спорттық іс-шаралар жол картасы, оның ішінде тоғызқұмалақ бойынша бірлескен турнирлер мен оқу семинарларын өткізу келісілді. Тоғызқұмалақты Пәкістан аумағында дамытуға бағытталған ынтымақтастық жөніндегі уағдаластықтар жасалды.

Мәдени бағдарлама
Ресми іс-шаралармен қатар, делегация Исламабад қаласындағы «Лок Вирса» халықтық мұра музейін және Пәкістан монументін аралады. Пәкістандық әріптестер тарапынан ресми қабылдаулар мен жұмыс кездесулері ұйымдастырылды.
Сапардың маңызы
Бұл сапар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде ілгерілетуге, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын, турнирлер мен білім беру бағдарламаларын өткізуге жаңа мүмкіндіктер ашты.
Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ федерациясы үшін бұл сапар ұлттық зияткерлік спорт түрін Оңтүстік Азия аймағында таныту жолындағы маңызды қадам болды.
