Қазақстан қалаларында қоғамдық көлікпен жүру ақысы 70 теңгеден 120 теңгеге дейін өзгереді. Ең қымбат жолақы Алматы мен Қонаевта тіркелсе, ең төмен тариф Шымкент, Түркістан және Ақтауда белгіленген. Бұл туралы экс-депутат Мұрат Әбенов бөліскен инфографикада көрсетілген, деп хабарлайды Tarazy.kz
Инфографикадағы мәліметке сәйкес, 2026 жылғы шілдеде Қазақстан қалаларындағы автобуспен бір рет жүру құны карта немесе QR арқылы төлем жасаған жағдайда әртүрлі болған. Ең жоғары тариф Алматы мен Қонаев қалаларында тіркелген. Бұл қалаларда бір билет құны – 120 теңге. Ал Астанада қоғамдық көлікпен жүру 110 теңге тұрады.
Бірқатар өңірде жолақы 100 теңге деңгейінде белгіленген. Олардың қатарында Орал, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Петропавл, Павлодар және Тараз қалалары бар. Өскеменде автобуспен жүру құны – 90 теңге, ал Қызылордада – 85 теңге. Бұдан бөлек, Ақтөбе, Атырау, Жезқазған, Семей және Талдықорған қалаларында жолақы 80 теңгені құрайды.
Ал ең арзан қоғамдық көлік қызметі Шымкент, Түркістан және Ақтау қалаларында. Бұл өңірлерде бір рет автобусқа міну үшін 70 теңге төлеу жеткілікті.
Осылайша, Қазақстандағы ең қымбат және ең арзан тариф арасындағы айырмашылық 50 теңгеге жетеді. Алматы мен Қонаевтағы жолақы Шымкент, Түркістан және Ақтаудағы тарифтен шамамен 1,7 есе жоғары.
Айта кетейік, инфографикада ҚР Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы шілдедегі деректері пайдаланылған.
