Шымкентте аудан әкімінің қоластындағыларды соққыға жыққан видеосы тарады. Видеоны заңгер Айгүл Орынбек жариялады. Оның сөзінше, оқиға былтыр қазан айында болған, деп хабарлайды Tarazy.kz
«Маған келген кезде «Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековке де, барлық құзырлы органдарға да хабарланған» деген болатын. Қаланың “мықты әкімі” бар емес пе, Ғабит Сыздықбеков заңды түрде шара қолданады деген үмітте болдым», — дейді заңгер.
Ол бұл видео журналистерге тарала бастағанына қарағанда, әкімдік тарапынан ешқандай шара қабылданбаған болуы мүмкін дейді.
«Видеода Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі өз қызметкеріне күш қолданып, ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Иә, қызметкер жұмысынан айырылып қалмас үшін әкімге қарсы арыз жазбауы мүмкін. Бірақ жанына қатты батқан адам бұл видеоны бекерден-бекер таратпайды ғой. «Айгүл-ау, Шымкентте бандиттер өріп кетті ғой, неге үндемей отырсың?» дейсіздер. Айдың-күннің аманында әкімдіктің алдында әкім орынбасарын атып, бір әкім өз қызметкерлерін ұрып-соғып жатқанын құзырлы органдар көріп-біліп тұрып үнсіз отырса, мен не деуім керек?», — дейді Айгүл Орынбек.
Заңгер Шымкентте қылмыстық әрекеттер көбейгенін айтады.
«Бұл қалаға Президент алдында жауап беретін адам бар ғой. Сол жауап берсін! Соңғы уақытта Шымкентте неге қылмыстық әрекеттер көбейіп кетті? Неліктен әкімдік қызметкерлері бір-біріне оқ атып, төбелесуге дейін барып жатыр? Әкімдік бандиттердің ордасы емес қой!», — дейді заңгер.
