Алматыда ауыр қылмыстарға қатысы бар қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Tarazy.kz
8 мамырда полиция қызметкерлері 10 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелерін ұстады. Олардың қатарында бұрын сотталған қылмыстық орта өкілдері де бар. Күдіктілер мегаполис аумағында жасалған бірқатар ауыр және аса ауыр қылмысқа, соның ішінде қару қолданылған бұзақылық, бопсалау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сондай-ақ, қару-жарақ пен өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікке ілінді.
«21 санкцияланған тінту жүргізілді. Заңсыз айналымнан қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін едәуір көлемдегі қару-жарақ пен өзге де заттар тәркіленді. Мысалы, күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерінен бірнеше атыс қаруы және травматикалық қару, оның ішінде кесілген мылтықтар мен оқ-дәрілері бар Калашников автоматы табылды. Бұл қару Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облысы Полиция департаментінен ұрланған. Күдіктілердің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», — деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
