«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жарғылық капиталын 100 млрд теңгеге ұлғайтады. Тиісті шешімді холдингтің директорлар кеңесі қабылдады, деп хабарлайды Tarazy.kz
Қабылданған шешімге сәйкес, холдинг әрқайсысының құны 1 мың теңге болатын 100 млн жай акцияны орналастырады. Акциялардың жалпы құны 100 млрд теңгені құрайды.
Жаңа шығарылған акциялардың барлығын холдингтің жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі басымдықпен сатып алу құқығы аясында иеленеді.
Осылайша мемлекет «Бәйтерек» холдингін қосымша 100 млрд теңгеге капиталдандырады.
Холдингке құйылатын бұл қаражат негізінен кәсіпкерлерді, әсіресе өнеркәсіптік кәсіпорындарды қаржыландыруға және жеңілдетілген несиелер беруге бағытталмақ.
