Қазақстанда жарияланған амнистия аясында 620 сотталған адам түзеу мекемелерінен босатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Министрліктің хабарлауынша, амнистияны қолдану үшін соттарға 10 мыңнан астам материал жолданған. Оның ішінде 4 400-ге жуығын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері, ал 6 900-ден астамын пробация қызметі дайындаған.
Қазіргі уақытқа дейін соттар мыңнан астам материалды қарап, нәтижесінде 620 адам колониядан босатылды. Сонымен қатар пробация есебінде тұрған 724 азамат жазасының қалған бөлігін өтеуден босатылды. Бұдан бөлек, 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылған.
«Соттар мыңнан астам материалды қарап, түзеу мекемелерінен 620 адамды босатты. Сонымен бірге пробация қызметінің есебінде тұрған 724 азамат жазасын өтеуден босатылды, ал 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды», — деп мәлімдеді ІІМ.
Ведомство амнистияның барлық сотталғанға бірдей автоматты түрде қолданылмайтынын атап өтті.
«Қылмыстық амнистия автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір адамның ісі жеке қаралады, ал түпкілікті шешімді сот қабылдайды», — делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.
