Алматыда ерекше балалар арасында футболдан алғашқы турнир ұйымдастырылды. Жарысқа Алматы, Шымкент, Қарағанды және Өскемен қалаларынан командалар қатысты, деп хабарлайды Tarazy.kz
Екі күнге созылған спорттық шара балалар үшін тек футбол бәсекесі ғана емес, достық қарым-қатынас орнатып, жаңа ортада өз қабілетін сынауға мүмкіндік берген ерекше мерекеге айналды.
Турнирдің алғашқы күнінде командалар арасында тартысты ойындар өтіп, жас спортшылар алаңда бар күш-жігерін салды. Жарыстан кейін қатысушылар тауға барып, табиғат аясында демалып, бірге уақыт өткізді.
Екінші күні футбол бәсекесі жалғасып, командалар жүлделі орындар үшін өзара сынға түсті. Жарыс қорытындысында үздік командалар анықталып, жеңімпаздарға медальдар мен кубоктар табысталды. Сонымен қатар турнир барысында көзге түскен үздік ойыншылар да арнайы марапаттарға ие болды.
Шараға балалардың ата-аналары, жаттықтырушылар мен жанкүйерлер қатысып, жарыстың соңында естелік суретке түсті. Турнирдің өту барысын бұқаралық ақпарат құралдарының түсірілім топтары да назарға алды.
Бұл жарысты ерекше балалардың ата-аналары бірігіп құрған футбол командасы ұйымдастырды. Олардың айтуынша, басты мақсат – балаларды спортқа баулу ғана емес, олардың өзіне деген сенімін арттырып, достар табуына және қоғаммен белсенді араласуына жағдай жасау.
«Балаларға мүмкіндік берсең, олар біз ойлағаннан да көп нәрсеге қабілетті» деген ұстаным турнирдің негізгі идеясын айқындады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жарыстар ерекше балалардың спорттағы мүмкіндігін көрсетуге, олардың әлеуетін ашуға және қоғамдағы инклюзия мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Алғашқы турнирдің басты жеңімпазы – жүлде алған командалар ғана емес, футбол алаңына шығып, өз мүмкіндігін сынаған барлық балалар болды.
