Бір ара ұясы. Ондаған мың ара. Таудың таза ауасы. Ал оның ішінде – Қазақстанның жаңа өндірістік мүмкіндігі жатыр. Текеліде кәсіпкерлер балды қасықпен сатудың орнына, одан дәрумен жасап, жаңа нарыққа шығуды көздеп отыр, деп хабарлайды Tarazy.kz
Қазақстан жылына 10–12 мың тонна бал өндіреді. Бірақ осы байлықтың 1 пайызына да жетпейтін бөлігі ғана өңделеді. Қалғаны шикізат күйінде нарыққа шығады.
Яғни біз бал өндіреміз. Бірақ оның негізгі құнын басқа біреу жасауы мүмкін.
Текелідегі «Kausar Shifa Kz» жобасы осы қалыптасқан жағдайды өзгертуді көздейді. Мұнда таулы өңірдің табиғи балы терең өңделіп, дәрумендік кешендер мен табиғи қоспаларға айналады.
Өндірістің қуаты – сағатына 1,5 мың шыны құты өнім шығаруға жетеді.
Бұл жай ғана бал цехы емес. Бұл – ауыл шаруашылығы шикізатын жоғары қосылған құны бар өнімге айналдыруға жасалған қадам.
Ал Текелі балының тағы бір ерекшелігі бар: омарталар өндірістік аймақтардан шалғай, тау бөктерінде орналасқан. Аралар табиғи өсімдіктерден шырын жинайды.
Енді сол табиғи өнімнің құнын бірнеше есеге арттырып, оны Қазақстаннан тыс нарықтарға шығару жоспарда тұр. Қытай мен Малайзия тарапынан қызығушылық бар. Кәсіпорын Қытайдағы ірі көрмелердің біріне қатысуға да шақырту алған.
Бір кездері балды шикізат ретінде сатсақ, енді одан өнім жасап сатуға талпыныс басталды. Қазақстанның омарта шаруашылығы үшін ең қызық кезең, бәлкім, енді басталып жатқан шығар.
