ҰҚК-нің 27 жастағы офицері кәмелетке толмаған қыздың ересек серігінен ақша мен пәтер бопсалады деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Tarazy.kz
Айыптау нұсқасына сәйкес, әскери контрбарлау бөлімінің жедел қызметкері, аға лейтенант бірнеше бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Оған жеке өмірге қол сұғылмаушылық пен дербес деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзу, аса ірі мөлшерде бопсалау және ауыр қылмыс туралы хабарламау бойынша айып тағылған.
Іс материалдарына сәйкес, контрбарлау офицері танысынан 15 жастағы қыздың ересек ер адаммен қарым-қатынаста болғанын және жыныстық қатынасқа түскенін білген. Алайда полицияға хабарлаудың орнына ол қыздың анасымен және әпкесімен бірге ер адамға қысым жасауға келіскен.
Тергеу нұсқасы бойынша, олар ер адамды полицияға хабарлайтындарын және туыстарының алдында масқаралайтындарын айтып қорқытқан. Сонымен қатар кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа барғаны үшін оны колонияда не күтіп тұрғанын айтып, психологиялық қысым көрсеткен.
Контрбарлау қызметкері қызметтік жағдайын пайдаланып, әріптесі арқылы құқық қорғау және арнайы органдардың ақпарат алмасу жүйесінен ер адамның пәтері кімнің атына тіркелгенін және ол туралы басқа да деректерді анықтаған. Кейін бұл мәліметтерді қыздың анасы мен әпкесіне берген.
Осы деректерді алғаннан кейін олар ер адамнан полицияға жүгінбеу үшін құны 34 млн теңгеден асатын пәтер мен 5 млн теңге қолма-қол ақша талап еткен.
Тергеу мәліметінше, осылайша күдіктілер жәбірленушіге қорқыныш пен психологиялық қысым атмосферасын қалыптастырған.
Айыптау нұсқасына сәйкес, КНБ қызметкері ер адаммен кездесіп, өзін қыздың ағасы әрі КНБ қызметкері ретінде таныстырған. Ол қызметтік мәртебесін көрсетіп, жәбірленуші туралы құпия ақпаратқа қол жеткізе алатынын аңғартқан.
Сонымен қатар ол ер адамның анасына қоңырау шалып, ұлының өзінің 14 жастағы қарындасын зорлағанын білесіз бе деп сұраған. Әйел қорқып, телефон тұтқасын қойған.
Психологиялық қысымнан кейін ер адам бопсалаушылардың талабына келісіп, КНБ қызметкеріне 5 млн теңге мен пәтерінің құжаттарын берген. Осы кезде жәбірленуші көмек сұрап полицияға жүгінгеннен кейін офицер ұсталған.
Қыздың анасы мен әпкесіне де аса ірі мөлшерде бопсалау және ауыр қылмыс туралы хабарламау баптары бойынша айып тағылған.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа барған ер адамға полиция «Зорлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Іс бойынша тағы бір назар аударарлық жайт – қыздың анасы ер адаммен кездесуді полиция бөлімінің ауласында ұйымдастырған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қыздың анасынан кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынас болғанын естіген, бірақ бұл туралы тиісті органдарға хабарламаған полиция қызметкері куәгер ретінде өтіп жатыр.
