Қазақтың тұңғыш журналы атанған «Айқап» журналының алғашқы саны осыдан 115 жыл бұрын 1911 жылғы 10 қаңтарда Троицк қаласында жарық көрді. «Айқаптың» тарихи маңызы оның белгілі бір кезеңдегі оқиғаларды тіркеуімен ғана өлшенбейді. Журнал қазақ қоғамының өзекті мәселелерін ортақ талқыға шығарып, елдің әлеуметтік санасын өзгертуге бағытталған тұтас ағартушылық бағдар қалыптастырған еді. «Айқаптың» редакторы әрі шығарушысы Мұхамеджан Сералин болды. «Айқап» белгілі бір зиялы қауымның ғана пікір алаңы болып қалмай, ел ішіндегі сауатты оқырманның қоғамдық және рухани қажеттілігіне жауап берді.
«Айқапта» жарияланған материалдың мазмұны оның ұлттық сананы қалыптастырудағы бағытын нақты көрсетеді. Соның бірі – «Қазақ халқының мұқтаждығы» атты мақалада елдің әлеуметтік жағдайы, жердің тарылуы, тұрмыс ауыртпалығы және шаруашылық мәселелері қарастырылған. Мақаланың ерекшелігі –халықтың мұқтажын жай ғана тізіп көрсетпей, оның себебін іздеуінде. Жердің қолайсыздығы, салықтың ауыртпалығы, күнкөрістің қиындауы мен шаруашылықтың әлсіздігі өзара байланыста талданған. Мұндай тәсіл оқырманды шағым айтуға емес, қоғамдық жағдайды саралауға бағыттады. Ұлттық сананың қалыптасуы да осындай талдаудан басталатын еді.
«Айқапта» жер мәселесі «Отырықшы болған қазақтар туралы» мақалада талқыға түседі. Мақалада қазақтың тұрақты қонысқа көшуі, жерді игеруі, шаруашылықты өзгертуі және отырықшылық жағдайындағы әлеуметтік қиындық сөз болды. Бұл мәселе «Айқап» пен «Қазақ» басылымдары арасындағы пікір айырмашылығына да негіз болған еді. «Айқап» өкілдері жерді сақтап қалу үшін қазақтың егіншілікке қолайлы өңірлерге тұрақтап, елді мекендер мен мектептер салуын маңызды санады. Алайда отырықшылықтың өзі автоматты түрде әлеуметтік дамуға жеткізбейтінін, оның жер жағдайы, шаруашылық мүмкіндігі және басқару жүйесімен қатар қарастырылуы қажеттігін журнал материалдары аңғартты. «Жер дауы – ел дауы» деген халық сөзі бұл мақаланың қоғамдық салмағын дәл сипаттайды.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?» мақаласы «Айқаптың» ағартушылық бағытын ашатын маңызды жарияланымның бірі болды. Торайғыров оқу мәселесін тек мектеп саны немесе сауат ашу деңгейі тұрғысынан қарастырмай, білімнің мазмұны мен қоғамдық мақсатына назар аударды. Оның пайымдауынша, жаттауға негізделген, өмірлік қажеттіліктен алшақ оқу халықтың санасын өзгерте алмайтын еді. Шынайы білім адамды өз құқығын түсінуге, ел ісіне араласуға және қоғамдық жауапкершілік алуға жетелеуі керек болатын. Бұл көзқарас журналдың ағартушылықты жеке бастың пайдасынан жоғары қойып, оны ұлттың даму шарты ретінде қарастырғанын көрсетеді.
Оқу мәселесімен қатар Торайғыров әдебиеттің міндетіне де айрықша мән берген. Оның «Өлең һәм айтушылар» атты мақаласында ақынның қоғам алдындағы жауапкершілігі сөз болады. Мақала мазмұнынан өлеңнің көркемдік әсермен ғана шектелмей, халықтың ойына ықпал ететін қоғамдық құрал ретінде қарастырылғаны байқалады. Ақын елдің мұңын сырттай суреттеуші емес, халықтың көкейіндегі сөзді дәл жеткізуші тұлға болуы керек еді. Осы ұстаным Сұлтанмахмұттың «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деген белгілі жолдарымен сабақтасып жатыр. Бұл өлең жолдары жеке ақындық арманнан гөрі, ағартушы зиялының ел алдындағы міндетін танытқан
Торайғыровтың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» атты мақаласы ұлттық әдебиеттің сапасы мен оқырман талғамына арналған еді. Автор қазақ тілінде кітаптардың шығуымен іс бітпейтінін, олардың мазмұны, тілі және тәрбиелік мәні маңызды екенін алға шығарған. Бұл пікір сол кезең үшін айрықша мәнге ие болатын. Себебі қазақ тіліндегі әдебиеттің көлемі ғана емес, оның ұлттық ойды тереңдету қабілеті де маңызды еді. Журнал әдеби шығарманы көңіл көтерудің құралы емес, халықтың дүниетанымын кеңейтетін, тілін байытатын және тарихи жадын қалыптастыратын рухани еңбек ретінде бағалаған.
Аталған мақалаларды өзара байланыста қарастырғанда, «Айқаптың» қоғамдық бағдарламасы айқын көрінеді. «Қазақ халқының мұқтаждығы» әлеуметтік және шаруашылық мәселелерді талдаса, «Отырықшы болған қазақтар туралы» жерді сақтау мен елдің тұрақты дамуының жолдарын сөз етті. «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?» білімнің мазмұны мен қоғамдық маңызын саралады. Ал «Өлең һәм айтушылар» және «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» әдебиеттің ұлттық сана қалыптастырудағы қызметін айқындады. Бұл материалдардың барлығын біріктіріп тұрған ортақ ұстаным —–елдің жаңғыруы жер, білім, тіл, әдебиет және қоғамдық жауапкершілік мәселелерінен бөлек қарастырылмайтыны еді.
«Айқап» әйел теңдігі мәселесіне де назар аударды. Әйелдердің білім алуы, қоғамдағы орны, отбасындағы құқығы және қоғамдық өмірге араласуы туралы мақалалардың жариялануы сол кезең үшін маңызды қадам болатын. Сақыпжамал Тілеубайқызы, Мариям Сейдаллина, Күләйім Өтегенқызы сияқты әйел авторлардың ойлары қазақ әйелінің қоғамдық пікірге араласуына мүмкіндік берді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақалдың мәні де осыдан байқалады. Әйел мәселесін көтеру арқылы журнал отбасы тәрбиесін ұлттық дамудың құрамдас бөлігі ретінде қарастырған еді.
Басылымның айналасына Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сәбит Дөнентаев сияқты зиялылар топтасты. Журналда Абай, Ыбырай, Шоқан мұрасы насихатталып, өлең, әңгіме, повесть, драма, роман және әдеби сын жарияланды. Ахмет Байтұрсынұлы тіл мен оқу-ағарту мәселелерін, Әлихан Бөкейхан жер мен ел басқару мәселесін, Міржақып Дулатұлы халықтың саяси серпілуін, Шәкәрім Құдайбердіұлы адамгершілік мәселелерін алға шығарды. Олардың ойлары «Айқап» арқылы біртұтас ұлттық бағдарға ұласқан еді.
1915 жылы қаржылық қиындықтар мен саяси қысым салдарынан журналдың шығуы тоқтады. Алайда «Айқаптың» тарихи қызметі соңғы нөмірімен бірге аяқталған жоқ. Басылым қазақ қоғамына білімнің маңызын, ана тілінің құндылығын, жердің тарихи аманат екенін және қоғамдық мәселеге бейжай қарамаудың қажеттігін ұқтырды. Оның материалдары кейінгі қазақ баспасөзінің дамуына, ұлттық пікірдің орнығуына және қоғамдық ойдың тереңдеуіне ықпал етті.
«Айқап» журналының ұлттық сананы оятудағы рөлі – халықты белгілі бір іске жай ғана шақыруында емес, елдік мәселелердің себеп-салдарын талдап, оларды қоғамдық пікір деңгейіне көтеруінде. Журнал жер мәселесін экономикалық шеңберден шығарып, ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырды; оқу-ағартуды жеке адамның емес, тұтас ұлттың даму шарты деп таныды; әдебиетті көркемдікпен ғана шектемей, қоғамдық жауапкершілікпен байланыстырды.
Молдақан Диана, Көбегенова Жансая
ҚазҰУ-дың 1- курс студенті
Ғылыми жетекші: фил.ғ.к., профессор:
Римма Серікқалиқызы Жақсылықбаева.
