Қазақстанда қаржы нарығының өсу қарқыны айтарлықтай төмендеді. 2024-2025 жылдары 19-20 пайыз деңгейінде болған өсім 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында небәрі 2,9 пайызды құраған. R-Finance кеңесшісі, экономист Арман Байғанов мұндай өзгеріске несие беру талаптарының қатаңдатылуы әсер еткенін айтады, деп хабарлайды Tarazy.kz
Экономистің мәліметінше, биылғы алғашқы алты айда қаржы нарығының өсімі ел экономикасының даму қарқынынан да төмен болған. Атап айтқанда, қаржы нарығы 2,9 пайыз өссе, жалпы экономикалық өсім 4,1 пайызды құраған. Экономиканың 4,1 пайыз өскенін үкіметтің ресми деректері де растайды.
Ал бұған дейін жағдай басқаша еді. 2024-2025 жылдары қаржы нарығы жыл сайын шамамен 19-20 пайыз өсіп, экономиканың жалпы өсу қарқынынан 3-4 есе жоғары көрсеткішке жеткен.
Арман Байғановтың пікірінше, 2026 жылы қаржы нарығының өсімі баяулауына қаржы реттеушісінің несие беру тәртібін қатаңдатуға бағытталған бірқатар шешімі ықпал еткен.
«2026 жылы қаржы нарығының өсу қарқынының баяулауына уәкілетті органның несие беру талаптарын қатаңдату жөнінде қабылдаған бірқатар шарасы әсер етті», – дейді экономист.
Дегенмен сарапшы қаржы нарығын қатаң реттеудің оң және теріс тұстары бар екенін атап өтті. Оның түсіндіруінше, несие беру талаптарын шамадан тыс күшейту елдегі іскерлік белсенділікті төмендетуі мүмкін. Себебі мұндай жағдайда кәсіпкерлер мен азаматтардың қарыз қаражатына қол жеткізу мүмкіндігі шектеледі.
«Қаржы нарығын реттеудің ел экономикасы үшін артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Несие беру талаптарын шамадан тыс қатаңдату іскерлік белсенділікті төмендетеді. Ал талаптарды жеңілдету есебінен қаржы нарығының шамадан тыс өсуі инфляцияның күшеюіне және халықтың мерзімі өткен несиелік берешегінің артуына алып келеді. Сондықтан белгілі бір тепе-теңдікті сақтау қажет», – деп есептейді Арман Байғанов.
Экономист қаржы нарығын реттеу кезінде екі маңызды міндетті қатар ескеру қажет екенін алға тартты. Бір жағынан, несие беру талаптары экономикалық белсенділікке кедергі келтірмеуі тиіс. Екінші жағынан, қарыз алуды шамадан тыс жеңілдету халықтың борыштық жүктемесін арттырып, қаржылай тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін.
