Brent маркалы мұнай өткен аптаны барреліне шамамен 110,4 доллар бағасымен аяқтады. Бір апта ішінде мұнай бағасы 2,3%-ға өсті. Жұма күні Иран Сауд Арабиясының энергетикалық нысандарына соққы беруге дайындалып жатқаны туралы ақпарат тарағаннан кейін баға бірден 3,8%-ға қымбаттады. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ, деп хабарлайды Tarazy.kz
Апта ішінде мұнай бағасы барреліне 112 долларға дейін көтеріліп, кейін 105,5 долларға дейін төмендеді. Нарыққа Таяу Шығыстағы шиеленіс пен Оман шығанағы арқылы мұнай тасымалдаудағы іркілістер әсер етті. UBS мәліметінше, осы бағыт арқылы тасымалданатын шикі мұнай көлемі тәулігіне 9,1 млн баррельге дейін қысқарған.
Ресеймен, Иранмен және Венесуэламен байланысты танкерлерге салынған санкцияларды жеңілдету мүмкіндігі де талқыланды. Сонымен қатар АҚШ-та бір апта ішінде коммерциялық мұнай қоры шамамен 8,5 млн баррельге азайып, 415,4 млн баррельге дейін төмендегені хабарланды.
Goldman Sachs сарапшылары Brent мұнайының орташа бағасына қатысты болжамын барреліне 85 доллардан 90 долларға дейін көтерді. Сонымен бірге банк келесі жылы мұнай бағасы орта есеппен 125 долларға дейін өсуі мүмкін деген сценарийді де қарастырып отыр. Мұндай жағдай Парсы шығанағындағы мұнай өндіру көлемі соғысқа дейінгі деңгейден айтарлықтай төмен болып қалған жағдайда туындауы мүмкін.
Мұнайға деген сұраныс бойынша болжамдар әртүрлі
Әлемдік мұнайға сұраныс жөніндегі болжамдар халықаралық ұйымдар арасында әртүрлі болып отыр. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) биыл әлемдік мұнайға сұраныс тәулігіне 105,7 млн баррельді құрайды деп күтеді. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 108,3 млн баррельге дейін өсуі мүмкін.
Халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) әлемдік мұнайға сұранысты тәулігіне 102,38 млн баррель деңгейінде бағалап отыр. Агенттік болжамы бойынша, мұнай ұсынысы тәулігіне 100,65 млн баррельді құрайды.
