Қазақстанда Исматулла Максұмның діни қауымдастығында кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсетілген болуы мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Tarazy.kz
Тергеуге зікіршілер қауымдастығының бұрынғы мүшелері берген сұхбаттар негіз болған. Атап айтқанда, Ақылбек Жұмабеков журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында жасөспірімдерге қатысты болуы мүмкін жыныстық сипаттағы әрекеттер туралы айтқан.
Қауымдастықтың бұрынғы шәкірттерінің сөзінше, діни тәлімгер балаларды қорқытып, болған жайтты біреуге айтса, түрмеге қамалатынын ескерткен.
ІІМ не дейді?
Ішкі істер министрлігі жарияланымдарда айтылған мәліметтер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Қазір ведомство ондағы деректерді тексеріп жатыр.
Қылмыстық істің қай бап бойынша тергеліп жатқаны және өзге де мән-жайлар әзірге жарияланған жоқ.
