1990 жылғы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдады. Бұл тарихи құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашып, елдің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңіне негіз қалады. Декларацияда республиканың аумақтық тұтастығы, мемлекеттік биліктің дербестігі және Қазақстанның халықаралық қатынастардағы жеке субъект ретіндегі ұстанымы айқындалды.
Осылайша, 25 қазан еліміздің егемендікке ұмтылысын білдіретін тарихи күнге айналды. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, еліміздің тәуелсіздігі заң жүзінде бекітілді. Бұл оқиғалар Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы шешуші тарихи белестер болды.
Республика күні – халқымыздың тәуелсіздікке қарай жасаған алғашқы шешуші қадамын, мемлекеттіліктің қалыптасуын және ұлттық бірегейліктің нығаюын бейнелейтін маңызды мереке. 2022 жылғы 16 маусымда Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Кейін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп, 25 қазан ұлттық мереке ретінде қайта бекітілді. Бұл шешім тарихи сабақтастықты жаңғыртып, егемендік идеясының қоғам өміріндегі маңызын арттырды. Республика күнін атап өту – өткенге құрмет білдірумен қатар, мемлекеттілікті нығайтуға, ел бірлігін сақтауға және Қазақстанның болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезінуге бағытталған маңызды қадам.
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында елдің ішкі тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі болды. Осы кезеңде Ішкі әскерлердің орны ерекше еді. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 10 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері құрылды. Жаңа әскери құрылымға қоғамдық тәртіпті сақтау, маңызды мемлекеттік объектілерді күзету және ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттері жүктелді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде әскерлердің қызметі мемлекеттік институттардың қалыптасуымен және қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің нығаюымен қатар жүрді. Ішкі әскерлердің құрылуы Қазақстанның өз қауіпсіздігін дербес қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдарының бірі болды.
Мемлекет қалыптасуының алғашқы жылдарында әскери бөлімдер мен бөлімшелердің міндеттері біртіндеп кеңейіп, олардың қызметі елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың талаптарына сәйкес жетілдірілді. Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, стратегиялық маңызы бар объектілерді күзету және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау әскерлер қызметінің негізгі бағыттарына айналды. Кейінгі кезеңдерде қауіп-қатерлердің сипаты өзгеріп, терроризмге, диверсиялық әрекеттерге және заңсыз қарулы құралымдарға қарсы іс-қимыл мәселелері де өзекті бола түсті. Осыған байланысты әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, арнайы даярлықты жетілдіру және жеке құрамның кәсіби мүмкіндіктерін дамыту бағытында тиісті жұмыстар жүргізілді. Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің құрылуы да әскерлердің күрделі әрі жоғары жауапкершілікті міндеттерді орындау қабілетін арттыруға бағытталды.
2014 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ішкі әскерлер Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы болып қайта құрылды. Ал 2015 жылғы 10 қаңтарда «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл өзгерістер әскерлердің құқықтық мәртебесін, негізгі міндеттері мен өкілеттіктерін заңнамалық тұрғыдан айқындауға мүмкіндік берді. Ұлттық ұланның қызметі қоғамдық тәртіпті қорғау, маңызды мемлекеттік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзету және заңнамада көзделген өзге де міндеттерді орындау бағытында дамыды. Осы жылдар ішінде әскери басқару жүйесін жетілдіру, материалдық-техникалық базаны нығайту, жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру және әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін дамыту бойынша маңызды жұмыстар атқарылды.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы елдің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінде маңызды орын алады. Әскери қызметшілер қоғамдық тәртіпті сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, маңызды мемлекеттік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өздеріне заңмен жүктелген басқа да міндеттерді орындауға үлес қосып келеді. Бұл қызмет жоғары тәртіпті, кәсіби даярлықты, табандылықты және әрбір әскери қызметшінің жеке жауапкершілігін талап етеді. Мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігі, ең алдымен, өз міндетін адал атқаратын, әскери антқа берік және Отан алдындағы борышын терең сезінетін азаматтарға байланысты.
Ұлттық ұланның қалыптасу тарихы – тәуелсіз Қазақстанның даму тарихының ажырамас бөлігі. Аға буын қалыптастырған жауынгерлік дәстүрлерді жалғастыру, әскери тәртіпті сақтау, қызметтік міндеттерді адал орындау және халықтың сенімін ақтау – бүгінгі әскери қызметшілердің басты міндеттері. Республика күні бізге мемлекеттіліктің қадірін, тәуелсіздіктің жауапкершілігін және ел бірлігінің маңызын еске салады. Қазақстанның егемендігін нығайту мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері алдағы уақытта да өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға дайын.
полковник
Нұрлан МУХАМЕДОВ,
Қарағанды
