Қазақстанда жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына қатысты салықтық бақылау шегі ұлғайды. Енді үш ай ішінде 1 миллион 557 мың теңгеден асатын аударымдар тексеруге негіз болуы мүмкін, деп хабарлайды Tarazy.kz
Бұған дейін бақылау шегі үш айда 1 миллион 20 мың теңге болған. Енді бұл сома 1 миллион 557 мың теңгеге дейін көтерілді. Сонымен қатар шекті соманы есептеу тәртібі де өзгерді. Бұрын ол ең төменгі жалақы мөлшерімен есептелсе, енді айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленеді. Жаңа шек – 360 АЕК.
Алайда жеке тұлғаның шотына түскен кез келген ақша автоматты түрде табыс деп есептелмейді. Ол үшін үш шарт қатар орындалуы керек:
- Жеке шотқа 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан ақша түсуі керек;
- Ақша аударымдары қатарынан үш ай бойы ай сайын жасалуы қажет;
- Үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы 1 миллион 557 мың теңгеден асуы тиіс.
Яғни осы үш талаптың барлығы орындалған жағдайда ғана мобильді аударымдар кіріс ретінде қарастырылып, салықтық бақылауға алынуы мүмкін.
