Қазақстан Ресейге электр энергиясын жеткізіп жатыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов алдағы қысқы маусымда еліміздің жылу электр орталықтары электр энергиясына түсетін жүктеменің артуына дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Министрдің айтуынша, биыл электр энергиясын тұтынудың ең жоғары көрсеткіші 3 пайызға өсіп, 18 200 мегаватқа жетуі мүмкін.
«Жылу электр орталықтары бұл жүктемеге төтеп береді. Апаттылық деңгейін төмендетіп, станциялардың жұмысын жақсарту үшін көп жұмыс атқардық. Қазір барлық станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ министр Қазақстанның Ресейге екі күн қатарынан электр энергиясын жеткізгенін айтты. Оның сөзінше, алдыңғы күні экспорт көлемі 120 мегаватт болса, келесі күні шамамен 70-80 мегаватты құраған.
«Бұл еліміздің кешкі уақытта электр энергиясын тұтыну көлемі шарықтау шегіне жеткен кезде де өз қажеттілігін қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді. Қазақстан электр энергиясымен өзін толық қамтамасыз етуге жақындап келеді», – деді министр.
Бұдан бөлек, Энергетика министрлігі 2027 жылы елде электр энергиясының профициті 1,5 млрд киловатт-сағат болады деп болжап отыр.
