«ҚАЖсервис» ЖШС Атырау облыстық филиалында 34,8 млн теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылық анықталды. Қазір компания құқық қорғау органдарымен бірлесіп, осы дерек бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Tarazy.kz
Компанияның мәліметінше, заңбұзушылықтар қаржы-шаруашылық қызметіне жүргізілген ішкі талдау барысында белгілі болған. Атап айтқанда, филиалдың бұрынғы бас бухгалтерінің жеке банк шоттарына негізсіз ақша аударылғаны анықталған. Бұл деректер 2026 жылғы 3 ақпанда құжат жүзінде тіркелген.
Осыдан кейін компания материалдарды құқық қорғау органдарына өз бастамасымен жолдаған. Атап айтқанда, 5 ақпан мен 26 наурызда Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тиісті өтініштер жіберілген.
Қазір «ҚАЖсервис» прокуратура және экономикалық тергеу органдарымен бірлесіп, заңбұзушылықтардың барлық мән-жайын анықтауға қатысып жатыр.
Компания уәкілетті органдарға қажетті көмек көрсетіп, тергеудің объективті жүргізілуіне мүдделі екенін мәлімдеді. Сондай-ақ кінәлі адамдарды заң аясында жауапқа тарту және келтірілген шығынды өндіріп алу көзделіп отыр.
