Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде қалалық «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен жас зияткерлердің «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауының марапаттау рәсімі өтті. «Jambyl-Taraz» қалалық газеті 2018 жылдың 30 қарашасында 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күніне орай жарияланған жоба аясында ақылдастар алқасының құрамы бекітіліп, қала мектептерінің оқушыларына 100 кітаптың тізімі ұсынылды. Бес айға созылған білімділер бәйгесінде мыңдаған оқушы кітапты жанына серік етті.
Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі мен Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып байқауды ұйымдастыруға атсалысты. Әлеуметтік желілерде #кітапоқыпмиллионербол, #читайкнигистаньмиллионером хэштегімен 3000-ға жуық жазба жарияланды. Орта есеппен, осы уақыт аралығында 20000-нан астам әдебиет нұсқалары оқылды. Ең көп оқылған әдебиеттердің қатарында М.Әзуезовтың «Көксерек», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», А.Экзюперидің «Кішкентай Ханзада», М.Мағауиннің «Тазының өлімі» кітаптары бар.
Байқауға жалпы саны 48 мектептен 1000-нан аса оқушы қатысты. Оның ішінде 44-і қала мектептері. Жалпы екінші кезеңге мектептерден іріктеліп шыққан оқушылардың саны 88. Байқауда №5 Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының, №46 орта мектептің, №45 қазақ классикалық гимназиясының оқушылары ең белсенді болды. №5 мектептің оқушысы Айғабыл Аружан Джодже Мойестің «До встречи с тобой» кітабын оқып, шығарма кейіпкерінің өмірінен әсерленіп сынып ішінен қайырымдылық қорын ашқан. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі балаға материалдық әрі рухани көмек көрсетуде.
Жастардың кітапқа деген махаббатын оятатын, елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған сайысқа Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіров демеушілік етті. Сондай-ақ қалалық мәслихат депуттары мен жазушы Несіпбек Дәутайұлы бастаған бір топ қаламгерлер мен қоғам белсенділері жобаға қаржылық қолдау көрсетті.
Сонымен 5-7 сыныптар арасындағы санатта ІІІ орынды №30 мектеп гимназиясының 7 сынып оқушысы Сабина Сулеймен мен №31 орта мектебінің 5 сынып оқушысы Гюзаль Османова өзара бөлісті. Қос кітапқұмарға 75 000 теңгенің сертификаты табысталды.
ІІ орынды Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектебінің 7 сынып
оқушысы Данияр Бекежан еншілеп, 150 000 теңгені қанжығасына байлады.
№54 орта мектебінің 6 сынып оқушысы — Тоғжан Аллаберген де осы тұғырдан көрінді.
Жүлделі І орынның 500 000 теңге бәйгесіне И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Айзере Ерен ие болды.
8-11 сыныптар арасында
ІІІ орынның 250 000 жүлдесі №7 мектеп гимназиясының 11 сынып оқушысы Галина Буркинаға бұйырды.
ІІ орынның тұғырынан Керімбай атындағы №12 мектеп гиназиясының 10 сынып оқушысы Айгерім Мейрханова көрініп, 500 000 теңгені олжалады.
Ал байқаудың I орын жүлдесі 1 000 000 теңгені Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 9 сынып оқушысы Қазына Әбдісейіт жеңіп алды.
Ал байқаудың қалалық деңгейде өткеніне қарамастан өз қалауымен 61 кітап оқып, көзге түскен республикалық Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушысы Фатима Баймаханға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова Көкшетау қаласындағы «Балдаурен» балалар лагеріне 20 күндік жолдама табыс етті. Сондай-ақ, облыстық Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Қапарқызы жас зияткерге ноутбук тарту етті. Оқыған кітабынан әсерленіп қайырымдылық қорын ашқан №5 Жамбыл атындағы мектеп гимназияның оқушысы Айжан Айғабылға Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының атынан смартфон сыйға берілді.
Салтанатты жиында жеңімпаздардан бөлек байқаудың екінші кезеңіне қатысқан барлық оқушы алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталса, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан мамандар мен кітапханашыларға ұйымдастырушылар арнайы алғыс хат табыс етті.