Алматы облысының Талғар ауданында тоғызқұмалақтан U19 және U21 жас санаттары бойынша Қазақстан Республикасының XXIV жекелей чемпионаты өз бастауын алды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Ел біріншілігіне Қазақстанның 13 облысы мен 3 қаласынан келген 100-ге жуық үздік жас спортшы қатысып, ұлттық зияткерлік ойыннан ел чемпионы атағы үшін бақ сынауда. Чемпионат жастардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, тоғызқұмалақты кеңінен дәріптеуге және ұлттық спортты дамытуға бағытталған.
Биылғы жарыстың маңызы ерекше. Себебі чемпионат қорытындысы бойынша қараша айының 21–30 күндері Түркияда өтетін тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталады.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Тоғызқұмалақ спортының мемлекеттік жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов, Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, сондай-ақ республикалық федерация басшылығы қатысты.
Жарыс 2026 жылдың 24–30 шілде аралығында Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш мәдениет үйінде өтеді. Алғашқы ойындар 24 шілде күні сағат 10:00-де басталып, сол күні сағат 15:00-де чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ел чемпиондары атанып қана қоймай, Қазақстан намысын әлемдік додада қорғауға мүмкіндік алады.
