Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров кісі қайтыс болған кезде үйіндегі қоштасу түнінің «күзеттің» форматын өзгертуді ұсынды. Имамның пікірінше, қазіргі таңда соңғы сапар ысырапқа айналып барады.
Jas qazaq: Дүниеден өткен кісіні өз үйінде «күзету» қайдан шыққан, оның шариғаттағы және дәстүрлі негізі қандай?
Б.Мансұров: Бұрынырақта ата-бабаларымыз қайтқан кісіге жеке киіз үй тігіп, оның сүйегін оңашада күзеткен. Марқұмды екі күн күзетудің екі себебі болған.
Біріншіден, «Ажал адамға айтып келмейді». Яғни адам баласы «бүгін яки ертең өлім келеді» деп, еш уақытта ажалға дайын отыра алмайды. Мысалға, отбасында адам қайтыс болған кезде, ол әулет жайлауда отыруы мүмкін. Қазақтың бұрынғы тұрмысына үңілер болсақ, мұндай жағдайда кісінің ұл-қызы, туыс-бауыры алыс ауылдарда тұрды. Ол кезде бүгінгідей автокөлік, ұялы телефон, интернет байланысы жоқ еді. Осы себепті халқымыз мәйітті бір күн, кейде екі күн күттіретін болған. Яғни бірінші себебі – жер қашықтығы.
Екіншіден, табиғат жағдайын назарға алуымыз керек. Мысалы, қатты қара суық түсіп, қар қалың болса, жердің тоңы жібімеген кезде қабірді қазып, орын дайындау біршама қиындық тудыратыны белгілі. Мұндай жағдайда да мәйітті күттіретін болған.
Jas qazaq: Ал мәйітті неліктен күзетеді?
Б.Мансұров: Кезінде халқымыз мәйітке мал тиіп кетпесін, сүйек жатқан үйге мысық, ит кіріп кетпесін деген мақсатта марқұмның сүйегіне зиян келтірмеу үшін күзеткен. Бұл іске марқұмның тікелей жақын туысы қатысқан.
Jas qazaq: Бүгінгі күнде үйдегі соңғы түн қалай өтіп жатыр?
Б.Мансұров: Қазіргі кезде кісінің қайтқаны жөнінде қаралы хабар әрі кетсе, екі-үш сағатта ел-жұртқа – бауырлары мен туған-туыстарына тарайды. Себебі әлеуметтік желі, интернет, телефон байланысы бар. Хабар тарағаннан кейін біз мәйітті бір бөлмеге қоямыз. Бірақ күзетпейміз. Неге? Себебі «келетін адам көп» деген желеумен жұрт біткен марқұм үшін жайылған мейрамханадағы дастарханға кетеді. Мәйіт жайына қалады. Немесе сүйекті үйдің келесі бөлмесіне қойып, келген кісілерге дастархан жаюмен әлек болып кетеді. Қазір бұл жоралғының «күзет» деген аты ғана сақталып қалды. Заты тойға айналып кетті. Біз күзет деп келіп, ас ішеміз, одан қалды жарысып тілек айтамыз? Бұл түсініксіз құбылыс.
Асылында, мәйіттің қасында ет жақын туыстары қалса, жетіп жатыр. Қалғандары көңіл білдіріп келсін, ас-ішу міндет емес. Қазақта «Қаралы үйде қазан қайнамасын» деген сөз бар. Біз болсақ, қайғыдан қара жамылған үйге тамақ астырамыз, гүлдендіріп, түрленген мәзірде дастархан жайдырамыз. Мұның барлығы қайғы шегіп отырған отбасы үшін ысырап. Біз керісінше ол отбасының әлеуметтік жағдайына ауыртпалық салып жатқанымызды неге ойламаймыз? Шариғи тұрғыдан қарағанда, қаралы шаңырақ ас әзірлеуге міндетті емес. Көңіл білдіруге келген адам дастарханда ұзағынан отырып, ас ішуге де міндетті емес. Қаралы үй жақын адамын жоғалтып отыр. Біз оның қайғыруына, марқұмды жоқтауына да мүмкіндік бермейді екенбіз.
Jas qazaq: Сонда қайтқан кісінің үйінен ас ішу дұрыс болмағаны ғой!
Б.Мансұров: Әрине, сүйек жер қойнына тапсырылмай жатып, ол үйде ас желінуі дұрыс емес. Айталық, біз күзет деп барып жүрген үйде қайтқан кісі жер қойнына тапсырылмай тұрып Құран оқылмайды. Енді өзіңіз логикалық тұрғыдан ойлап көріңіз, қасиетті Құран аяттары оқылмайды тағам жеуге бола ма? Марқұмға қайсысы керек? Құран ба, ас па? Міне, сондықтан, қайғылы үйге ауыртпалық салудан сақтанғанымыз жөн.
Кезінде халқымыздың тұрмысында күзет мұқтаждықтан туындаған еді. Ал қазір ғылым мен техника, экономика дамыған жағдайда мәйітті үш күн күттіріп, мейрамханада дастархан жаю дұрыс емес. Бізге күзеттің форматын өзгерту керек. Марқұмды жақын туыстары бір күн күзетіп, қалғандары көңіл білдіріп шықса, екінші күні мәйітті кебіндеп, жер қойнына тапсыруға асығуымыз қажет. Жаназа намазы оқылып, марқұм жер қойнына тапсырылғаннан кейін, алыстан келген қонақтар мен топырақ салғандарға көршінің үйінде не басқа жерде азын-аулақ дастархан жайып, құрмет көрсетуге рұқсат. Бұл жерде де аста-төк дастархан жайып, артық ысырап жасаудан сақтануымыз керек.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы