Қазақстан мен Беларусь компаниялары арасында жалпы құны 100 млн доллардан асатын келісімшарттар жасалды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Министрдің айтуынша, Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Минск қаласына жасаған ресми сапары аясында екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланған.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы шамамен 1,2 млрд долларды құрады. Биылғы жеті айдың нәтижесінде экспорт көлемі 35 пайыздан астам өсті. Премьер-министрдің сапары барысында құны 100 млн доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Оның ішінде өнеркәсіптік кооперация жобалары мен Беларуське автокөлік жеткізу туралы келісімдер бар. Сондай-ақ өнеркәсіптік әріптестік пен агроөнеркәсіптік өнімдерді өзара жеткізуге ерекше назар аударылды», – деді Арман Шаққалиев.
Атап айтқанда, «Hyundai Trans Auto» ЖШС Беларусьтің «Эр Си Эм» компаниясына 2027–2028 жылдары 790 бірлік коммерциялық техника жеткізеді. Келісімшарттың құны кемінде 30 млн долларды құрайды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, қазақстандық автокөлік өндірушілерінің Беларусь нарығындағы расталған экспорттық әлеуеті жылына 4,5 мың техникаға дейін жетеді. Бұдан бөлек, тараптар Беларуське қазақстандық сусындар мен басқа да өнімдерді жеткізу жөнінде келісімге келген.
Ведомствоның мәліметінше, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өзара тауар жеткізу көлемін арттыру болып қала береді.
