Атырау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде өткен жоспарлы атыс жаттығулары кезінде мерзімді әскери қызметші оқ жарақатын алып, көз жұмды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Атырау гарнизонының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 12 наурыз күні далалық атыс жаттығулары барысында болған. Алдын ала деректер бойынша, қайғылы жағдай қаруды пайдалану кезінде жіберілген абайсыздықтың салдарынан орын алған.
Жарақат алған әскери қызметші бірден медициналық мекемеге жеткізілген. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Қазақстан Қарулы Күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан сарбаздың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасына заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Аталған дерек бойынша Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиға орнын тексеру үшін Қорғаныс министрінің орынбасары басқаратын арнайы комиссия жіберілген. Тергеу барысы Бас әскери прокуратураның бақылауына алынған.
