«Су – тіршілік көзі» – деп халқымыз текке айтпаған. Бұл ретте мемлекет тарапынан да соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын, білімі мен денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламалар қабылданып, жүзеге асуда. Соның ішінде бүгін біз Жамбыл облысы, Байзақ ауданында атқарылып жатқан ауыз су мәселесі бойынша жұмыстарға тоқталмақпыз.
Байзақ ауданында ұзын-ырғасы 43 елді мекен болса, соның жиырмасы ауыз сумен қамтылыпты. Бұл қазіргі таңдағы жергілікті халық санымен 47 904 адам немесе 44,6 пайызды құрайды. Осы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген он жеті елді мекенге «Байзақ су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, үш елді мекенге «Теміржол су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсетуде екен.
Байзақтағы ауыз су бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында аудан әкімі Нұржан Нұржігітовті сөзге тартқан едік.
«Ауданда биыл су қабылдау құрылыстары мен су құбыры желілерін салу бағытында 8 жоба қолға алынды. Аталмыш құрылыстарға жалпы сомасы 4 миллиард 727 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Құрылыс барысында 380 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Оған қоса, Мәдімар ауылындағы «Қ. Нұранова» көшесін сумен жабдықтау бойынша ағымдағы жұмыстарға республикалық бюджеттен 5 миллион 210 мың теңге, Дихан ауылының сумен жабдықтау желісі мен құдықтарын ағымдағы жөндеуге 18 миллион теңге бөлінді. Бұл жұмыстар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда аудан аумағындағы елді мекендерге су желілерін тартып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған шаралар қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл сөзімізге аудан аумағында атқарылып жатқан шаруалар дәлел бола алады. Атап айтар болсақ, өткен жылдан аудан орталығы Сарыкемер ауылы мен Талас ауылында ауыз су құбырларын жүргізу жұмыстары басталған болатын. Талас ауылындағы сумен жабдықтау желілерінің су қабылдайтын құрылыстарын салу жұмыстарына жалпы сомасы 638 миллион 439 мың теңге қарастырылып, (2019 жылға – 233 млн. 015 мың теңге, 2020 жылға – 405 млн. 424 мың теңге), ондағы құрылыс — монтаж жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады. Ал, Сарыкемер ауылында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары ауқымды болғандықтан келер 2021 жылға аяқтау жоспарланған. Оған республикалық және облыстық бюджет есебінен 3 миллиард 402 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Бұл бойынша 2019 жылға — 456 миллион 815 мың теңге, 2020 жылға — 1 миллиард 666 миллион 667 мың теңге, 2021 жылға — 1 миллиард 278 миллион 648 мың теңге бюджеттен қаржы қаралған»,- дейді аудан басшысы.
Биыл Байзақта бұдан бөлек «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Байзақ, Қостөбе, Көктал және Сеңкібай елді мекендеріне су қабылдау құрылыстары мен су құбыры желілерін салу жұмыстары басталыпты. Сонымен қатар, таза ауыз сумен қамтылмаған 5 елді мекенді (Базарбай, Үлгілі, Аққия, Сарыбарақ ауылдарына жаңа құрылыс, Қызыл жұлдыз ауылына қайта жаңғырту) ауыз сумен қамту үшін қажетті қаражат қаралып, жобалық — сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде екен. Сондай-ақ, биыл Байзақтағы 3 елді мекен – Талас, Жаңатұрмыс, Бурыл ауылдарында құрылыс — монтаж жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Ал келер жылы 5 елді мекен (Сарыкемер, Байзақ, Қостөбе, Көктал, Сеңкібай) таза ауыз сумен қамтылады деп жоспарланған екен. Орайы келгенде аудандағы Көкбастау ауылын таза ауыз сумен қамту бағытында жобалық — сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім жолданып қойғанын айта кетейік.
Ал аудан аумағында орналасқан халық саны жағынан аз қоныстанған 4 елді мекен – Төрекелді, Қайнар, Төрткөл, Жаңасаз ауылдарына облыс әкімдігінің тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан орталықтандырылған модульді су құдығын орнату жұмыстары жоспарланып отыр екен.
Өз кезегінде мемлекеттік бағдарламаларды күтпей-ақ әрекет етіп жатқан ауыл тұрғындары бар. Айталық, Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Ақшолақ елді мекенінде бүгінгі күнге таза ауыз суға қосылмаған 70 ауланың тұрғындары 65 000 теңгеден өз қаражаттары есебінен су жинау ғимаратына қосылу жұмыстарын қолға алыпты.
Қазіргі таңда өңірде геологиялық су қорын анықтауға байланысты шаралар, ауыз суды барлық үйге жеткізу мәселесі, су жеткізілген барлық үйлерге су есептегіш құрылғыларды орнату жайы, су шаруашылығы мамандарының көмегімен өңірдегі жерасты тұщы су қорының мөлшерін анықтау бойынша нәтижелі жұмыстар орындалуда. Сондай-ақ, ауыз су тазалығын назарда ұстау да басты мәселелердің бірі болып табылады.
Бұл орайда, ауыз судың санитарлық талаптарға сәйкестігін Байзақ аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қамтамасыз етіп келеді. Мамандар елді мекендерде су сынамаларын алып, зертханада сараптама жүргізіп отыру үшін бақылау нүктелері таңдалып, бекітілген, тұрақты мониторинг жүргізіліп тұрады. Соның нәтижесінде Байзақта бүгінгі таңда ауыз сумен байланысты таралған аурулар тіркелмеген. Жаңадан құбыр тартылған аймақтарда тұрғындардың әлеуметтік — тұрмыстық жағдайымен қатар денсаулықтарының да жақсара түскені байқалуда.
Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде бұйырса 2024 жылы Байзақтағы 43 елді мекеннің тұрғындарын таза ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету көзделуде екен. Оны енді уақытында көре жатармыз.