Бокс 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасында қалады. Бірақ бәсекені Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) ұйымдастыруына түбегейлі қарсы.
ХОК атқарушы комитеті өз ұстанымдарын маусымның 24-26-і күндері Лозаннада өтетін сессияға ұсынбақ. Соңғы шешім осы отырыста қабылданады.
ХОК атқарушы комитеті АІВА-дағы қаржы, басқару, этика және төрешілік сұрақтарын шешу мақсатымен 2018 жылдың 30 қарашасында арнайы комиссия құрған болатын. Ұйымдағы шешімін таппаған мәселелер қаралып, барлығы қадағаланған.
Олар ұйымдағы мәселелерді егжей-тегжейлі тексере келе, боксты 2020 жылғы Токио Олимпиадасының спорттық бағдарламасында қалдыруды жөн деп шешті. Токиодағы бокс бәсекесі мен барлық іріктеу сындары ХОК бекіткен негізгі қағидалар аясында өтуі тиіс. Оған AIBA-ның қатысы болмайды.
Егер жоғарыда аталған шешім 2019 жылдың маусымында өтетін ХОК сессиясында мақұлданса, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бокстан 286 спортшы бақ сынайды. Іріктеу жарыстары қаңтар мен маусым айлары аралығында өтеді. Ерлерде — 8, әйелдерде 5 салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар анықталады.
AIBA неге айыпталды? Себебі бұл ұйым жұмысында шикіліктердің көбі әшкере болды. Әсіресе ХОК Риодағы Олимпиада ойындары кезіндегі төрешілер шешімін сынға алды. Атқарушы комитетті Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) есеп-қисабы, басқару жүйесі, қаржы жұмсау, төрешілік пен допинг ережесі қанағаттандырмады. Нәтижесінде қаржыландыруды да тоқтатқан болатын.
Ал АІВА-ны ХОК мүшелігіне қайтару мәселесі 2020 жылғы Токио Олимпиадасынан кейін қайта қаралады. Ол үшін ұйымда түбегейлі өзгерістер болуы қажет.
Айта кетейік, 2020 жылғы Токио олимпиадасы келер жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді.