«Валюта айырбастау орындарында долларды сату тоқтатылды» деген ақпарат шындыққа жатпайды. Қазақстан валюта айырбастау орындары қауымдастығының өкілдері осылай деп мәлімдеді. Кез келген валюта еркін саудаланып жатыр. Ақша жетіспеушілігі туралы мәселе туындаған емес дейді қауымдастық президенті Аршын Ғалымбаев. Бүгін кейбір ақпарат құралдарында ақша айырбастау пункттерінде шетелдік валюталарды сату және сатып алу тоқтады деген ақпараттар тараған болатын.
Осы қауымдастықтың өкілі Данияр Әбдірахманов Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұқбатында «Доллар сатып алуға байланысты дүрбелең болған емес» деп мәлімдеді. Қазақстан валюта айырбастау орындары қауымдастығында жұмыс істейтін маман шетел валютасына деген сұраныстың әдеттегіден еш айырмашылығы жоқ екенін айтады.
«Қазір сұраныс туралы айтсақ, ақша өткізетіндер оның құны өсіп қала ма деп күтіп отыр. Ал валютаны сатып алушылар доллардың бағасы төмендеуін күтіп отыр. Сондықтан болса керек, дәл қазір анау айтқандай «ажиотаж» жоқ. Келушілер 1 мың АҚШ долларын, ары кетсе, 2 мың АҚШ доллары көлемінде ауыстырып әкетіп жатыр. Көп мөлшердегі сомаларды айырбастауға келіп жатқандарды байқамадық»,- дейді ақша айырбасау орнының қызметкері.
Суретте: Данияр Әбдірахманов
Кеше Президенттің төрағалығымен Үкіметте арнайы штаб құрып, жағдайды тұрақтандыру шаралары қолға алынды. Сол сияқты Ұлттық банктен және өзге де құзырлы мекемелер тарапынан валюта сатуды шектеу туралы нұқсаулар түспеген.
«Қазір бір АҚШ доллары 395 пен 398 теңге аралығында саудаланып жатыр. Мұнай бүгін 36 долларға қайтадан көтерілді. Бір қалыпқа келеді деген үміт жоғалған жоқ. Біздің есептеуімізше, орташа есеппен 13 пайызға доллардың бағасы көтерілді. Бірақ аса үлкен сұраныс болып жатқан жоқ. Біздіңше, тұтынушы жағдайдың соңын күтіп отыр. Тағы да өсіп қала ма деп күтіп отыр, сол себепті қатты сұраныс жоқ. Халық арасында доллар бағамы 400-450 теңге болып қалуы мүмкін деген қауесет бар. Ал доллар алушылар қазіргі бағаны қымбат көріп тұр. 385 теңгеге келеді дегенді күтіп отыр десе де болады», — дейді Данияр Әбдірахманов.
Осы екі күнде пайда тауып қалғысы келген айырбастау орындары болған. Қауымдастық өкілі дәл қазіргі уақытта тұтынушыға қандай да бір кеңес беруден аулақ. Қауымдастық мамандары алдағы екі-үш күнде доллар бағамы тұрақталады деп үміттенеді.
Қазақстан қор биржасының күндізгі саудасында 1 АҚШ долларының құны 393 теңге 6 тиынға тұрақтаған. Ресей рублі 5,5 теңге, ал еуро 438,5 теңге болды.