Алматыда өткен халықаралық конференцияда науқастың өмірін сақтап қалу мен денсаулығын қалпына келтірудің заманауи жолдары талқыланды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Инсульт адамның өмірін бір сәтте өзгертуі мүмкін. Аурудың салдары тек науқастың өзіне ғана емес, оның отбасына да әсер етеді. Сондықтан инсультпен күресуде дәрігерлердің кәсіби біліктілігімен қатар, медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі, емнің дұрыс ұйымдастырылуы және оңалту жұмысының маңызы зор.
29-30 қазанда Алматыда «Инсультпен күресудің жаһандық стратегиялары» атты X халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне орай ұйымдастырылған жиынға Қазақстан, АҚШ, Ресей, Украина, Швейцария және Қытайдан келген мамандар қатысты.
Конференцияны Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, «Жүрек және ми» азиялық қоғамы және Алматы №2 қалалық клиникалық ауруханасы ұйымдастырды.
Алматыда инсульт орталықтарына жыл сайын бес мыңға жуық науқас жатқызылады. Қалада бес инсульт орталығы жұмыс істейді, оның төртеуі жоғары технологиялық эндоваскулярлық ем жүргізеді. Соңғы үш жылда механикалық тромбэктомия саны екі есе артқан, ал жүйелік тромболизис рәсімдері екі есеге жуық көбейген.
Алайда науқастардың жартысынан астамы медициналық ұйымдарға кеш жеткізіледі. Мұндайда қан айналымын қалпына келтіруге бағытталған емді уақытында жүргізу мүмкіндігі шектелуі мүмкін.
Инсультті емдеу нәтижесіне көптеген фактор әсер етеді. Мидың зақымдану дәрежесі, науқастың жасы, қатар жүретін аурулары және медициналық көмекке жүгіну уақыты маңызды. Науқасты тиісті орталыққа жедел жеткізу, қажетті зерттеулерді уақытында жүргізу және мамандардың бірлесіп жұмыс істеуі ем нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді.
Алматы №2 қалалық клиникалық ауруханасы нейроинсульт орталығының меңгерушісі, жоғары санатты невролог дәрігер Ләззат Аяғанова инсульттен болатын әрбір өлім жағдайын мұқият талдау қажет екенін атап өтті.
«Әрбір өлімнің алдын алу мүмкін емес. Бірақ әрбір өлім жағдайын талдау қажет. Кәсібилік адам өмірін сақтайды. Ал жүйе сол кәсібиліктің дер кезінде іске асуына мүмкіндік береді», — дейді маман.
Оның айтуынша, мұндай талдаудың мақсаты — кінәлі адамды іздеу емес, медициналық көмекті ұйымдастыруды жақсартуға мүмкіндік беретін тұстарды анықтау.
Конференцияда инсульттің жедел кезеңіндегі емдеу тәсілдерімен қатар, одан кейінгі оңалту, есте сақтау мен зейінді сақтау, когнитивтік бұзылыстар және деменция мәселелері де талқыланды.
АҚШ, Ресей, Украина, Швейцария және Қытай мамандары геморрагиялық және ишемиялық инсультті емдеу, асқынудың алдын алу, оңалту және жаңа медициналық технологияларды қолдану тәжірибесін бөлісті. Баяндамаларда инсульттен кейінгі когнитивтік бұзылыстар мен деменция кезінде қолданылатын аппараттық технологияларға да назар аударылды.
Конференцияның екінші күні Алматы №2 қалалық клиникалық ауруханасында «Миды аман алып қалудан когнитивтік функцияларды сақтауға дейін: жаңа мүмкіндіктер» атты шеберлік сабағы өтті. Онда шетелдік мамандар инсульттің жедел кезеңінде шешім қабылдау, атеротромбоздық инсультті емдеу және деменцияға қатысты заманауи тәсілдерді қарастырды.
Аурухана директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алмаз Джувашев инсультпен күресте көмектің әр кезеңі өзара сабақтас болуы керек екенін атап өтті.
«Инсультті емдеуде әр кезеңнің маңызы зор. Алғашқы белгілерді дер кезінде анықтау мен науқасты дұрыс бағыттаудан бастап, диагностиканы жедел жүргізу, мамандардың үйлесімді жұмысы, қарқынды ем және ерте оңалтуға дейінгі әрбір қадам ем нәтижесіне әсер етеді.
Ғылыми жетістіктер мен халықаралық тәжірибенің күнделікті жұмысымызда нақты қолданылуы ерекше маңызды», — деді Алмаз Джувашев.
Инсультпен күрес тек ауруханадағы еммен шектелмейді. Науқастың дер кезінде көмек алуы, емдеу кезеңдерінің үйлесімді ұйымдастырылуы және кейінгі оңалтуы оның өмір сапасына тікелей ықпал етеді. Алматыда өткен халықаралық конференция осы бағыттағы тәжірибені ортаға салып, медициналық көмекті жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
