Жамбылдық полицейлер Қызыл кітапқа енгізілген жануар — қарақұйрықтарды атқан браконьерлерді ұстады, — деп хабарлайды Tarazy.kz.
Бұл жайында Жамбыл облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев фейсбуктегі парақшасында: «Қазанның 6-сы күні түнде Байзақ ауданының төрт тұрғыны «Нартай» құмды алқабында Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар түрі – қарақұйрықтарды заңсыз атқан.
Браконьерлердің «Тойота» маркалы автокөлігінен полиция қызметкерлері жануарлардың тушаларын тапты. Екі қарақұйрық – тіркелген қос ұңғылы аңшы мылтығынан өлтірілген. Аңшылардың аң аулауға рұқсат етілген құжаттары болмаған»,- деп жазды.
Аталған дерекке қатысты Байзақ аудандық полиция бөлімімен Қылмыстық кодекстің 337-бабы 1-бөлімі бойынша (жарылғыш құрылғыларды немесе жануарларды жаппай қырып-жоятын өзге де құралдарды қолдана отырып заңсыз аң аулау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Күдіктілер ұсталып, аңшы мылтығы тәркіленді.