Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған үш әскери қызметшінің қазіргі жағдайы туралы жаңа мәлімет жарияланды. Үшеуі де Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Tarazy.kz
Медициналық мекеменің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға болған күні, 24 қыркүйекте ауруханаға Ақжол Темерхан жеткізілген.
Ал Никита Удалов пен Бекет Қуандық 26 қыркүйекте медициналық мекемеге түскен.
Қазір үш әскери қызметші де аурухананың терапия бөлімшесінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Мамандардың айтуынша, сарбаздардың есі анық, өздігінен жүріп-тұра алады. Қазіргі уақытта олардың денсаулығына қатысты шағымы жоқ. Үшеуі де дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Еске салайық, 24 қыркүйекте әскери оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, қатты жел соққан. Соның салдарынан Каспий теңізінде 17 әскери қызметші суға кеткен. Олардың үшеуі аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапқан.
