Сенат халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу туралы екі келісімді мақұлдады, деп хабарлайды Tarazy.kz
Құжаттарға сәйкес, Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 62,3 млрд жапон иені және Халықаралық қайта құру және даму банкінен 92,3 млрд жапон иені көлемінде қарыз алады.
Жалпы қарыз көлемі шамамен 464 млрд теңге.
Қаражат республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады.
Екі қарыздың да шарттары бірдей. Несие 11 жылға рәсімделеді, оның ішінде алғашқы 5 жылы – жеңілдік кезеңі. Пайыздық мөлшерлеме нарықтық TONA индексіне байланыстырылған. Ал қарызға қызмет көрсету үшін 0,25 пайыз көлемінде комиссия белгіленген.
