Қазақстанда автокөлік сатып алуды жеңілдету үшін автонесиелеу мен автолизинг жүйесіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tarazy.kz
Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.
Министрдің айтуынша, отандық автомобиль өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттарының бірі – халық үшін көліктің қолжетімділігін арттыру.
«Осы мақсатта автонесиелеу мен лизинг тетіктерін жетілдіру, оның ішінде борыштық жүктеме коэффициентін алып тастау және жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту көзделуде», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Қазіргі таңда Қазақстанда автонесие рәсімдеу кезінде азаматтардың төлем қабілеті борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) арқылы бағаланады. Бұл көрсеткіштің жоғары болуы көптеген азаматтың несие алуына кедергі келтіріп отыр.
Министрдің сөзінше, осы талапты қайта қарау және автолизинг механизмін дамыту қазақстандықтардың жаңа автокөлік сатып алу мүмкіндігін кеңейтуге тиіс.
Үкіметтің жоспарына сәйкес, автонесиелеумен қатар электр және гибридті көліктер өндірісін дамыту, зарядтау инфрақұрылымын кеңейту және автокомпоненттердің отандық өндірісін арттыру жұмыстары да жалғасады.
Соңғы бес жылда Қазақстанның автомобиль өнеркәсібіне 457 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Өткен жылы елде 171 мыңнан астам автокөлік шығарылса, биылғы алты айда өндіріс көлемі 94,4 мың көлікке жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 190 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
