Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге тіркелген бір қабатты дәмханада газ ауа қоспасы жарылып, өрт шықты, деп хабарлайды Tarazy.kz
Ақмола облысы әкімдігі мәліметінше, барлығы 26 адам зардап шеккен, соның ішінде 7 адам қаза тапқан (оның бірі — 16 жастағы қыз). 13 адам Бурабай аудандық ауруханасына, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілген.
«Денсаулық сақтау басқармасы қосымша медициналық бригадаларды жедел түрде жасақтады. Барлық ресурс жұмылдырылды: мамандар, дәрі-дәрмектер, санитария авиациясы оқиға орнына бағытталды. Оқиға орнында облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себептері анықталып жатыр», — деп жазылған хабарламада.

Зардап шеккен бес адам ТЖМ реанимобилімен Көкшетау қаласына жеткізілген. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы ақпарат берді.

Щучинск қаласының стационарына күйіктің әртүрлі дәрежесімен 13 науқас түскен. Қазіргі уақытта 6 науқасты Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханаға ауыстыруға дайындық жүргізіліп жатыр.
«Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан медициналық мамандар тартылды, қосымша үш анестезиолог-реаниматолог бригадасы келді. Қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті көлемде бар. Науқастардың жағдайын тұрақтандыру үшін барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетілуде», — дейді Ақмарал Әміренова.
