Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте 2019 жылдың бірінші алты айында бюджеттің қалай меңгеріліп жатқаны туралы айтты, — деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі.
Бюджет орындалуына тоқталатын болсақ, 2019 жылы 1-ші жартыжылдығы жалпы қала бюджеті трансферттерімен қоса 34,1 миллиард 117,3 теңгені құрап, 99,8 пайызға игерілді. Мемлекеттік бюджетке 21 миллиард 967,7 теңгеге салықтар мен басқада міндетті төлемдер түсіп, жоспар 115 пайызға орындалды. Оның ішінде: республикалық бюджет 105,2 пайызға; облыстық бюджет 106,4 пайызға; қалалық бюджет 133,1 пайызға орындалды. 2019 жылға түзетілген қала бюджеті 71,7 миллиард теңге көлемінде бекітілді, ал 2018 жылмен салыстырғанда 32,5 пайызға жоғары. Оның ішінде қала бюджетінің өзіндік кірістері 18,7 пайызға ұлғайып, 13,1 миллиард теңге көлемінде түзетілді», — деді Қайрат Досаев.
Есепті кезеңде Тараз қаласында құрылыс жұмыстарының көлемі 15 миллиард 721,6 теңгені немесе нақты көлем индексі 128,3 пайызды құраған.
Өздеріңізге белгілі құрылыс инженерлік желілерден басталады. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында «Барысхан» және «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқаптарында сервистік су желілері жүргізілді. Қазіргі таңда аталған алқаптарға ауыз су беру үшін су тартқыштың күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ал «Барысхан» алқабы бойынша Саңырақ батыр көшесінен Сорокин көшесіне дейінгі Байзақ батыр көшесінің бойында су тарқыштың құрылысы жүргізілуде, 2021 жылы іске қосылатын болады (жалпы ұзындығы 10,1 шақырымды құрайды)», — деді қала басшысы.
Сонымен қатар, «Барысхан» алқабын электрмен қамтамасыз ету, Ы.Дүкенұлы көшесіндегі екі су жүйесі мен 4-ші Тараз энерго орталығынан басталатын М-2-ші және М-4-ші жылу магистральдарінің қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр екен.
«Аталған бағдарлама аясында «Арай» көпқабатты тұрғын алқабының жолдары мен тротуарлары, сыртқы жарықтандыру, арық желілерінің құрылысы, тұрғын үй алаңшаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда қала тұрғындарынан келіп түсетін өтініштердің көпшілігі қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері», — деді Тараз әкімі.
Облыс әкімінің Қалақұрылысы кеңесінде берген тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылы «Шалғай Қарасу» тұрғын алқаптарын, 28 саяжаймен «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Жиделі» алқаптарын және «Құмшағал» станциясын электрмен, газбен және сумен қамтамасыз ету бойынша жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп, орындалуға 2020-2021 жылдарға ұсынылатын болады.
Ал, «Тектұрмас», «Қарасай», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алқаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2020-2022 жылдарға кезең-кезеңімен ұсынылады.
Транспорттық инфрақұрылым нысандары бойынша үстіміздегі жылы Сүлейменов көшесінің соңындағы жаңа алқапта ішкі кварталдық автомобиль жолдарының құрылысы мен «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабының жолдарына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, 2017-2018 жылдардағы жобаның құрамында 15-ші мөлтек аудандағы жолдарға асфальт төсеу қарастырылмаған.
Қаланы көркейту жұмыстарының жалғастыру мақсатында «Шахристан» тарихи кешенінде өлкетану мұражайының, «Ретро-фестиваль» амфитеатрының, көрме павильонының, көркем сурет галереясының, қол-өнер шеберханалар орталығының, «Руханият» орталығының құрылыстары жүргізілуде. Осы аумақта жолаушыларды тасымалдайтын 26 бағыттағы қоғамдық көліктердің өтетінін ескере отырып, аталған «Арбат» аймағын айналып өту үшін Байзақ батыр көшесін кеңейту (Төле би даңғылынан Ташкент көшесіне дейін), Байтасов көшесін (Төле би даңғылынан Көшеней көшесіне дейін) орташа жөндеу жұмыстары мен Көшеней көшесінен Аққозиев көшесіне шығатын жолдың құрылысы жоспарлануда.
Сонымен қатар, Төле би даңғылының бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер аймағы мен аллеясы, «Тараз-Арена» кешенінің маңындағы «Даңқты спортшылар» аллеясы және «Мамыр» саябағын абаттандыру мен «Көне-Тараз» кешенінің маңында биіктігі 40 метрден тұратын «Сағат» стелласы орнатылатын болады.
Жаңа 15-ші мөлтек ауданының 40 гектар құрайтын мәдени-әкімшілік орталығын абаттандыру мен Оқушылар сарайы, жеңіл атлетика манежі және гимнастикалық спорт кешенінің құрылыстары бюджет есебінен, ал Неке қию сарайы мен Салтанат сарайының құрылыстары жеке инвесторлар есебінен басталуы жоспарлануда.
Сондай-ақ, «қызыл сызық» ережесін бұзып, құрылыс жүргізген нысандарды анықтау жұмыстары қатаң бақылауға қойылған. 2018 жылы аталған нормаларға сай келмейтін 26 нысан анықталса, оның ішінде 5 нысан бойынша құжаттары соттың қарауына өткізілді.Бір нысан бойынша (Желтоқсан көшесі 86 «А» мекен-жайындағы) сот шешімімен бұзу басталды, 4 нысанның иелері өз еркімен заң бұзушылықпен салынған ғимараттардың бөлігін бұзып тастаған (Төле би көшесі 20 «А», Жаңсүгіров көшесі 1, Әйтиев көшесі 32, Төле би 12 мекен-жайындағы). Бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады.