ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтатуды тапсырды. Бұл туралы Президент Twitter желісіндегі парақшасында жазды.
«Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырма бердім. Бұл жағдай азаматтарымызға қолайсыздық туғызып, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр», — деп жазды Мемлекет басшысы.
Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырма бердім. Бұл жағдай азаматтарымызға қолайсыздық туғызып, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр.https://t.co/sPci4r2ldp
— Qasym-Jomart Toqayev (@TokayevKZ) July 24, 2019
Дәл қазіргі уақытта еліміздегі темір жол вокзалдарында жолаушылар билет таппай сандалып, тіпті болмаса, компьютер алдында тасымалдаушы компанияның сайттарына сүзіліп отырғандар өте көп. Жаз шығысымен және ұлық мерекелер қарсаңында үдей түсетін мұндай сабылыс айналып келгенде қоғам тарапынан құзырлы орындардың жұмысына, тіпті мемлекеттік құрылымға сенімсіздік туғызатыны түсінікті. Оның үстіне пойыз билеттерінің делдалдар қолында жүруі де жұртшылықтың ашу-ызасын үдете түсуде.
Алыпсатарлардың асығы алшысынан түсіп тұр
Билет тапшылығының мұң-зары әлеуметтік желілерде барынша жарияланып-ақ жатыр. Билет таппағандардың алды Президентке арыздана бастады. Мәселен, Дастан Қадыржанов есімді алматылық азамат Алакөлге бару үшін 45 күннен аса билет таппай сенделгенін айта келе, курортты аймақтарға көзқарас әлі де түзелмегеніне налиды. Фейсбук желісінде 20 шілде күні жариялаған жазбасында Д.Қадыржанов: «Темір жол билеттерін мамыр айынан бастап іздестіре бастадым. Сол кезде кассаның өзінде билет болмады. Мен 45 күн бұрын сұрау салғанмын. Бірақ алдағы курорттық маусымда Алакөлге қосымша пойыздар шығарылар деген ойыма балаша алданыппын. О, аңқау басым(!). Кейін әупірімдеп алыпсатарлардан билет тауып, пойызға мінсем, жанымдағы жолаушылардың 90 пайызы билетті «қолдан» алғанын білдім. Билетті бір де біреуі қалыптасқан тәртіп бойынша алмаған. Масқара», депті. Бұл, әрине, біздер ұмтылып жүрген өркениетке жат үрдіс екені даусыз. Ең бастысы, билет таппаған Дастанның тағдырластары жетерлік.
Осы орайда, «Жолаушылар тасымалы» АҚ жауапты қызметкері Диас-Ахмет Шәріп билет тапшылығына тікелей жеке кассалармен сыбайласқан алыпсатарлардың кінәлі екенін айтады.
– Билет тапшылығына басты кінәлі – алыпсатарлар. Негізі біздің «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына қарасты 233 касса бар. Олардың барлығы үздіксіз бақылауда – әрбір касса бөлмесі бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Ал еліміз бойынша жеке кассалардың саны 4,5 мыңнан асып жығылады. Олардың жұмысын қадағалау біздің құзырымызға жатпайды. Міне, осы жерде алыпсатарлар өз достарының, туысқандарының, жора-жолдастарының атына алдын ала 20-30 билет сатып алады. Сосын вокзалдарды аралап сатып алушы іздестіреді. Мысалы, Алакөлге дейін билет бағасы 5 мың теңге болса, олар билет таппай сенделгендердің ішінен 50 мың теңгеге сатып алушыны тауып, жеке кассаға апарады. Сол бойда сыбайластар бұрынғы алынған билетті өткізіп, бір сәтте компьютердің тетігін 1000 рет басып, жаңағы билетті жүйеден қайтадан қағып алып, екінші біреуге рәсімдеп береді. Ал үстіндегі пайданы алыпсатар мен жеке касса кассирі қылдай бөліп алады, – дейді Д.Шәріп.
Бұл келеңсіздікпен күресу мақсатында жуырда электронды темір жол билеттерін сатудың жетілдірілген жүйесі іске қосылған. Жаңа жүйе — «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның билет алып-сатарларына тосқауыл қоюға бағытталған әрекеті.
– Бұл жүйе бос билеттерді белгілі бір уақыт аралығында ғана сатылымға түсіреді. Оның уақыт алгоритмін автоматика өзі есептеп шығарады. Егер кассир 30 секунд бір типті 5 сұраныс жасаса, онда жүйе оны бұғаттап тастайды. Егер бір мезетте 3 бірдей сұраныс жасаса, онда оған «жүйе 5 минутқа бұғатталады» деген хабар түседі. Яғни, бұл жүйе бос билеттерді «ұстауға» қарсы бағытталған деді, – Д.Шәріп.
Негізі құзырлы орындардың алып-сатарлармен күресте дәрменсіздік танытулары – бос әурешілік. Өйткені «Адал жол» жобалық кеңсесінің жетекшісі Исламбек Майшекин сөз арасында Нұр-Сұлтан қаласындағы вокзалдар бақылаудың қатаңдығынан делдалдардан тазарды деп қалды. Демек, қаласа, қолдарынан келеді. Ал басқа өңірлердегі делдалдармен күреске кім кедергі? Делдалдар цифрлы дәуірге дейін де болды, қазір де бар. Ал ертеңге де созылар болса, бұл – жүйелік дерт болғаны. Әдетте обыр жайлаған жерді дәрігерлер түбірімен кесіп алып тастайтынын білеміз.
«Күту парақшасын» күтеміз бе?
Әдетте «Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапынан жол жүру билеттерін сапарға шығардан 45 күн бұрын алу қажет деген ұсыныс айтылып келеді. Бірақ қазірдің өзінде елордадан еліміздің оңтүстік және батыс өңірлеріне сол 45 күн бұрын билет алу мүмкін бола бермейді. Әлбетте, мынау дүниеауи тіршілік анау-мынау жоспарға көнбестігі аян. Жолға шығу уақыты да көбіне көп адамның ырқына бағына қоймайды. Оның үстіне халқымызда той-томалақ, өлім-жітім, тіпті болмаса құдалық дәстүрінің өзі жолға еріксіз шығарады. Сонда қайтпек керек?
– Жолаушыларға жаңа қызмет – «Күту парақшасын» ұсынамыз. Бұл қызмет компанияға қарасты барша кассаларда жұмыс істейді.
Керекті бағытта билет тапшы болған жағдайда жолаушы кассада күту парақшасына тіркелу қажет. Айналымға билеттер түскен кезде жолаушының электронды поштасына хабарлама түседі. Жолаушы екі сағат ішінде сол билетті компанияға қарасты кез-келген кассада сатып алуы керек. Алдағы уақытта күту парақшасы қызметі электронды билет сататын сайттарға да енгізіледі. Ұлттық тасымалдаушы жол билеттерін тек ресми кассалар мен арнайы сайттарда да ғана рәсімдеуді ескертеді, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілі.
Жалпы, Ұлттық тасымалдаушы компанияны да билет сатылымындағы қарбаласта қол қусырып отыр деуден аулақпыз. Бірақ олардың әрбір бастамасының артынан дәрменсіздіктің лебі еседі.
Сансыз сылтаулардың бірі – вагон тапшылығы
«Жолаушылар тасымалы» АҚ деректеріне қарағанда, былтырдан бастап Қазақстанның барлық ішкі бағыттарындағы бағаны реттеудің икемді жүйесі енгізілген. Бұл жүйе көптеген әуе және жер үсті тасымалдаушылар жұмысында кеңінен қолданылатын әлемдік тәжірибе ретінде назарға алынған.
Яғни, жолаушы еліміз ішіндегі кез келген бағытқа билеттерді 45 күн бұрын 25 пайыздық жеңілдікпен сатып ала алады. Жеңілдік көлемі бос орындар мен пойыздың жүруіне дейінгі қалған күндер санына байланысты есептеледі. Жөнелтілу күні жақындаған сайын баға өсе түседі, бірақ та сенсеңіз де, сенбесеңіз де +25 пайыздан аспайды.
Оның үстіне Қазақстан заңнамасына сәйкес, мынадай аспектілерді: жолаушы ағыны, мерекелік күндердегі жоғарғы сұраныс, басым бағыттар және өзге де жайттарды ескере әрі саралай келіп, коммерциялық бағыттарға бағаны тасымалдаушы белгілейді. Бұл – баға белгілеудегі қара халықтың қалтасына түсетін салмақ.
Тасымалдаушылар коммерциялық бағыттарға сатылатын билеттерден түскен қаржы тікелей акционерлік қоғамның дамуына, жаңа сервистік қызметтер ендіруге, барлық вагондар паркін техникалық жарақтандыруды жақсартуға және процестерді автоматтандыруға бағытталатынын айтып, ақталып әлек.
Міне, тағы бір «қуырдақтың көкесі» осы жерден басталады. Былтырдан бері «Egemen Qazaqstan» пойызға билет тапшылығы мен бағасының шектен тыс қымбаттығы жайында дүркін-дүркін мақала жариялады. Оған қоса, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қалаларын жалғайтын тікелей пойыздың алынып тасталуынан туындаған мәселелер де көтерілді. Алайда жауапты компаниядан ешбір ләм-мим деген жауап та, нақты әрекет те көрінбеді.
Аты айтып тұрғандай, икемді жүйе әзірге тасымалдаушылар үшін ғана икемді болып отырғанын да ашық айту керек. Мысалы, былтыр жаңажылдық қарбалас алдында сол Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қаласына пойыз билетінің бағасы 58 мың (!) теңгеден асып кеткенін тәптіштеп жаздық. Бірақ, баяғы жартас – сол жартас. Бұл – тасымалдаушылардың билет бағасын өздігінен белгілеу құқығының жемісі.
Жолаушылар тасымалы нарығында басымдыққа ие, яғни тасымалдың 80 пайызын қамтамасыз ететін «Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапы билет тапшылығын вагондардың жетіспеушілігімен де байланыстырып отыр. Мәселен, қазір аталған компанияның иелігінде 2229 вагон бар екен. Оның 670 вагоны – «Тұлпар-Тальго» тіркесінде. Акционерлік қоғам осыған байланысты алдағы 10 жылда 1200 вагон сатып алуға ниетті.
– Биылдың өзінде Ресей технологиясымен елордадағы «Тұлпар-Тальго» зауытында шығарылған 25 вагонды жолға шығардық. Жыл соңына дейін тағы 38 вагон аламыз. Алдағы уақытта жыл сайын 100 вагонды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі құрамдардағы вагондардың жарамдылары қалдырылып, мүлдем тозғандарын алып тастаймыз, – дейді АҚ өкілі.
Негізі «Жолаушылар тасымалы» АҚ жаз айларында 8 млн жолаушы тасымалдауды жоспарлаған. Сол себепті жоғарыда аталған 2229 вагонның барлығы жолға шығарылған. Оған қоса, сұранысқа сәйкес пойыз құрамдарына қосымша вагондар қосылып, бір реттік пойыздар да қатынай бастаған.
Міне, жоғарыда баяндалған мәселелер бүгін ғана туындап отырған қиындық емес. Бірақ өркениетті заманда қарапайым билет сату саласы тәртіпке келмей, жолаушыларды мұңайтып отырғаны рас. Демек, бұл жүйесіздікке сауатты шешім қажет.