Думан Ерқанат – Америкадағы National American University-де Іскерлік басқару магистрі атанған кәсіпкер. Ол Қазақстанға оралғаннан кейін DK Trading атты академия ашып, биржа саласында табыс табудың негіздерін үйретеді. Осылайша қаржылық сауатты арттыру жолында еңбек етіп жүрген кәсіпкерге «қыз зорлады» деген жала жабылған, деп хабарлайды Tarazy ақпарат Qaz365.kz сілтеме жасап.
Оқиға 2022 жылдың 4 желтоқсанында болған. Алматылық қыз блогерден жыныстық зорлық көргенін айтып, шағым түсірген. Алматы соты Думан Ерқанатты 5 жылға соттау туралы шешім шығарады. Алайда, күдікті өзінің кінәлі екенін мойындамай, аппеляциямен бостандыққа шығады. Дегенмен, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалмай, жәбірленуші тарап Жоғарғы сотқа шағым түсірген. Кәсіпкер оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын баяндап, қоғамдағы ер-азаматтарға үндеу тастады.
«Мен Америкадан MBA оқып, 9 жылдан кейін елге келгенімді, қаржы саласында трейдер екенімді бұған дейін де айтқамын. Сіздермен мені байланыстыратын да осы сала. Кейбіріңіз трейдинг бойынша сұрақтарыңызбен шығып, талайыңызға жауап бердім. Бұл менің нан тауып отырған кәсібім болғандықтан ақылы да, ақысыз да кеңесімді бөліскен сәттерім көп. Хош, сонымен оқиға былай болды. Трейдинг саласына қатысты сұрақтармен блогер әйел хат жазып жүрді. Бастапқыда күдіктенбедім де, еш арам ойым болған жоқ. Сондай кезекті хат А.Т есімді әйелден 2022 жылдың 4 желтоксан күні сағат 22:30 шамасында келді. Сөйлесіп отырып, не істеп жатқанымды сұрады. Мен үйде жалғыз фильм көріп жатқанымды айттым. Ол бірге көргісі келетінін тұспалдады. Мен қарсы болғам жоқ. Осылай жарты сағатта өз көлігімен үйіме келді. Бұл кезде сағат 22.50 шамасы болатын. Бірге фильм қарадық. Әңгімелестік. Сонымен, қыз емеуірін танытып, қалауын білдірген соң жақындастық. Шалыс баспайтын адам болмайды ғой. Жасы 30 шамасындағы тек брендтен киінген, қымбат көлік мінген әйелге керегі төсек шығар деп ойладым. Мен оны зорлайтындай оған мұқтаждық жоқ еді. Қысқасы, қыздың көңілін қайтарғым келген жоқ», – дейді Думан Ерқанат.
Содан кейін блогер қыз қалауымен тамаққа тапсырыс беріп, бірге тамақтанады.
«Сәлден соң ол қарыным ашты деп назданады. Екеміз бірге тамаққа тапсырыс бердік. Бір сағаттан соң курьер келді. Бірге тамақтандық. Жобамен түнгі 01.30 шамасында А. Т-ны көлігіне дейін шығарып салып, алаңсыз ұйқыға жаттым. Арада екі сағат өткенде үстімнен арыз түскенін естідім. Ол зорландым деп арыз жазған. Мен қыздан мұнысы жала екенін айтып, не керегін сұрадым. А.Т менен 100 млн теңге талап етті. «7 жыл өмірің менің қолымда. Билікте де, сотта да ағаларым бар, бәрін шеше аламын», деп өктем сөйледі. Бастапқыда мен оның далбасасына мән бергем жоқ. Тиісінше сот да қылмыстық іс анықталмағанын алға тартып іс жабылды», – дейді Думан Ерқанат.
Алайда, екі айдан соң кәсіпкерді қамауға алады. Думан Ерқанат өзі жасамаған қылмысты мойныма алмайтынын, соңына дейін принципті түрде күресуге шешім қабылдаған.
«Қарсы арыз түсіремін. Бұған дейін үнсіз қалсам, енді Ата заңда көрсетілген құқығым мен мүмкіндіктерімді пайдаланып, ашық күресуге бел будым. Ер азаматтарға осындай паразиттерден сақ болыңдар деп үндеу тастаймын. Қоғамнан қолдау күтемін», – дейді кәсіпкер.
Содан бері сот процесі 7 айға созылған.
«Әр сот А.Т арнайы жоспарымен аяқсыз қалып, созыла берді. Сұрақтарға жауап бере алмаған, дәлелдей алмаған жағдайда жындының роліне кіріп, бірде жылап, бірде ауырып сотты кейінге қалдырып отырды. Бұл осылай созыла беретінін түсінген болса керек, жаңа айлаға көшті. Коммерциялық сайттар арқылы менің құқығымды өрескел бұзды. Өзіне арнайы гримм жасап, блюр қойып, есімін өзгертуді ескерсе де менің аты-жөнімді ашық жазып, түр-тұлғаммен жариялатты», – дейді Думан Ерқанат.
Еске сала кетейік, бұған дейін блогердің 5 жылға бас бостандығынан айырылып, алғашқы сот отырысында өз кінәсін мойындағанын жазған болатынбыз. Алайда кейін апелляциялық сотта ол ақталды. Қазір іс кассациялық сотқа жіберілді.