Тараз қаласы Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде «Жолда қабылдау» акциясы аясында Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Үдергеновтің Еуразиялық экономикалық одақтың басқа елдерінде есепте тұрған автокөлік иелерімен кездесуі өтті. Сондай-ақ, іс-шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай және Мемлекеттік кірістер департаментінің «Тараз КРО» кеден бекетінің басшысы Абылай Молдабеков қатысты, — деп хабарлайды Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Шетелдік нөмірдегі автокөліктерді тіркеу бойынша заңнаманы қолдануға байланысты елімізде, оның ішінде Жамбыл облысының тұрғындары арасында да бірқатар сауалдар туындаған болатын. Сондықтан Полиция департаменті басшылығының бастамасымен жағдайды түсіндіру және талқылау үшін автокөлік иелерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге 400-ге жуық автокөлік иелері жиналды.
Іс-шара неге ЕАЭО елдерінде сатып алынған автокөлікті тіркеу қазақстандықтар үшін міндетті деген сауалмен басталды. Бұл сұраққа Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Дулат Құрманалиев жауап берді.
Біріншіден, бұл көлік құралдарының ішкі істер органдарының деректер базасында тіркеуде болмауына байланысты жол қозғалысы ережелерін бұзу көрсеткіштері өсуде, сондай-ақ осындай жағдайларға себепкер кінәлі тұлғаларды, жол апаты жасалған көліктерді анықтауда, қылмыстарды ашуда қиындықтар туындайды.
Екіншіден, тіркеусіз көлік алу тәуекелі азаматтардың өзіне де қиыншылық әкеледі. Себебі, Қазақстанда пайдаланылып жатқан тіркелмеген көліктердің көпшілігі екінші-үшінші иелерімен және тек сақтандыру полистері негізінде ғана басқарылады. Яғни қазақстандықтар өз қаржыларын автокөлік сатып алуға жұмсайды, бірақ іс жүзінде олардың толыққанды меншік иелері болып табылмайды.
Үшіншіден, шетелдік есепте тұрған автомобильдер техникалық байқаудан өтпейді. Ал негізінде, автокөлік иелері жол қозғалысы барысында барлығына қауіпсіз көлік құралдарының болуы үшін жыл сайын техникалық байқаудан өтуге міндетті.
Бұдан кейін кездесу «сұрақ-жауап» форматына өтті. Бұл бөлімде тіркеу орны бойынша жыл сайынғы 30 күндік шығудың қиындығы, оның ішінде, егер мәселе Армения секілді алыс елдерге қатысты болса, кедендік тексеру мен утилизациялық алымының құнын төмендету қажеттілігі, басқарылуы оң жақ рөлді көліктерді қайта ресімдеу тиімділігі бойынша көптеген сауалдар қойылды.
Сондай-ақ, тұрғындарды дәл қазіргі уақытта осындай көлік иелеріне қатысты рейдтер жүргізілуі мүмкін бе деген ой алаңдатты. Бұл мәселеде Бауыржан Үдергенов «полиция бірден жазалау шараларына жүгінбейтінін» айрықша атап өтті. Сондай-ақ ПД бастығының бірінші орынбасары автокөлік иелерін жөнсіз рұқсат етілмеген митингілер мен басқа да наразылық акцияларын өткізе бермеуге шақырды.Кез келген мәселе заң тұрғысында шешілуі тиіс. Мен сіздердің әрқайсыңыздың пікіріңізді күнделікті жеке қабылдауымда да тыңдауға дайынмын. Сондай-ақ, айта кетер бір жайт, Қазақстанда тіркелмеген автокөліктердің қатысуымен жол апаттарының көбеюі, бұл мәселе өзінің жүйелі шешімін табуды талап етіп отыр, — деп атап өтті Бауыржан Арынұлы.
Сонымен қатар, ол жамбылдықтарды жол қозғалысы ережелерін бұзуға әкеп соғатын, оған қоса басқарылуы оң жақ рөлді секілді Қазақстанда тіркей алмайтын автокөліктерді сатып алмау туралы алдын ала ескертті.
Жиында көтерілген барлық мәселелі сұрақтарға толық түсініктеме берілді, қажет болған жағдайда мұндай кездесулер өз жалғасын табатын болады.