Қазақ тіліне аударылған әлемнің озық оқулықтарын Тараз ЖОО-ларының кітапханаларынан оқуға болады

0

«100 жаңа оқулық жобасының» негізгі мақсаты – мемлекеттік тілде гуманитарлық білім бағыттары бойынша студенттердің толыққанды білім алуы үшін жағдай жасау болып табылады. Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша бейнеролик даярланды, – деп хабарлайды Tarazy.kz.

Әлемнің озық оқулықтарын түп нұсқадан қазақ тіліне аудару. Бүгінгі таңда жоба аясында аударылған 50 кітапты Тараз қаласындағы ТарМУ, ТарМПУ, ТИГУ-дің кітапханаларынан оқуға болады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары да ауадай қажет екенін айтты. Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай  жасауды тапсырды.

Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды.

«Аталған жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, біздің студенттерге дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалмақ. Бұл жұмыс үкіметтік емес және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» деп аталатын қоғамдық қордың негізінде ұйымдастырылуда», – дейді «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, жалпы саны 800-ден аса оқулық атауы келіп түсті. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сүйене отырып, 2017 жылға 18 оқулық таңдалды. Жоспарға сай, бұл оқу құралдары қазақ тіліне аударылып, ЖОО-на тегін жеткізілді. Жаңа оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне  енгізілді.

«2018 жылы 30 оқулық аударылып басылды. Республика бойынша 130 ЖОО-на таратылды. Бүгінгі таңда жобаның келесі кезеңіне таңдалған оқулықтарды аудару процесі жүріп жатыр. Іріктелген оқу құралдарын қазақ тіліне аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының оқытушылары, білікті аудармашылар мен редакторлар, жалпы саны 300-ге жуық маман қатысып жатыр. Мәтіндер бірнеше лек әдеби және ғылыми редакциядан өтеді», – дейді «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры.

Мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын-соңды іске аспаған. 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғары білім беру орындары, ғылыми орталықтар және оқулық шығаруға маманданған баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатпақ. Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге зор мүмкіндік береді.

Бұл жобаны іске асыру бірқатар аса маңызды жүйелі мәселені шешуге жол ашады.

Біріншіден, гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің 100 үздік оқулығы қазақ тіліне аударылады. Сол арқылы тілдің дамуына аса қажетті ғылыми мазмұн мен лексика дамиды.

Екіншіден, гуманитарлық салалар бойынша оқитын студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай жасалады. Біздің оқу орындарындағы мазмұн және академиялық талқы деңгейі әлемнің ілгері ғылыми орталықтарының деңгейіне шығады.
Үшіншіден, аса ауқымды аударма жобасы қазақстандық  аударма мектебінің күшейіп, жетілуіне жағдай жасайды. Аудармашы мамандар, ғалымдар мен оқытушылардың жаңа негізде жұмыс істеуіне алғышарт болады.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан ғалымдарын, зерттеу орталықтарын, сала мамандары мен жобаға қызығатын барша жұртшылықты ортақ іске атсалысуға шақырамыз», – деп түйіндеді ол.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.