Ағымдағы жылы «Арай» алқабының барлық көшелері мен бұрылыстарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, — деп хабарлайды Tarazy.kz.
Жалпы ұзындығы 31,086 шақырым жолға асфальт жабындысы төселеді. Жобаның жалпы құны 584 миллион 522 мың 581 теңгені құрайды. Жалпы жоба 4 комплекске бөлінген.Мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңімпаз мердігер мекеме анықталды («Айя-Сервис» ЖШС). Бүгінге күнде техникалық қадағалаушыны анықтау конкурсы Қаржы бақылау органында шағымдану сатысында тұр. Шағымдарды қарау мерзімі ағымдағы жылдың 24 тамызында аяқталады. Техникалық қадағалаушы анықталғаннан кейін құрылыс-монтаждық жұмыстар басталады.
2019 жылы қала бюджетінде жол құрылыстарына 2 160 миллион теңге қаралған. Бұл қаражаттарға «Бұрыл А,Б,В» тұрғын алқаптарының 26 шақырымды құрайтын 50 көшесіне қиыршық тас жолдарының және Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта ішкі кварталдық автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы қаладағы 136 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 1 миллиард 511,1 миллион теңге бөлінген.
Қоғамдық көліктер қатынайтын ұзындығы 740 шақырым құрайтын 83 көшеде көлемі 22600 шаршы метр шұңқырларды қалыпқа келтіру үшін 100,0 млн.тг бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Одан бөлек қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің 71 000 шаршы метр құрайтын аулаларын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 250 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, биылғы жылы қалада орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылатын «Тайвань», «Арай» тұрғын алқаптары. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 600 миллион теңгеге қаланың көпқабатты тұрғын үйлері орналасқан шағын аудандардағы жол жабындыларын ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылатын болады.
Қазір қалада жылу құбырлары ауыстырылып жатыр. Салдарынан жүргізушілер айналма жолмен және жеке секторлармен қатынауға мәжбүр. Бұл жұмыстар осымен екінші жыл қатарынан жалғасып отыр. Кей учаскелер биыл қайта қазылып жатыр. Жауаптылардың айтуы бойынша, барлығын бірден аяқтап тастауға қаржы жетіспейді. Жалпы жыл басынан бері жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тұрғындардан 107 өтініш түскен. Оның 70-тен астамы шахардағы көшелерге қатысты. Ал әкімдіктегілер 1800 шақырымның тек 75-і жөнделетіндігін айтып отыр. Өйткені қаржы қарастырылмаған. Ал қаладағы жолдардың 60 пайызы әбден ескірген.