Сапарбаев Шудағы «Салтанат сарайын» «Оқушылар сарайы» етуді ұсынды

0

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Шу ауданына жұмыс сапары барысында Төле би ауылы мен Шу қаласының ортасында бой көтерген Салтанат сарайын сын тезіне алды. Өйткені мұндай нысанға деген  ешқандай қажеттілік жоқ. Сондықтан облыс әкімі оны Оқушылар сарайы секілді тиімді мақсаттарға пайдалануды ұсынды, — деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі.

Өз кезегінде өңір басшысы аудандық аурухана мен емхананың, Жаңажол ауылында орналасқан сүт цехының тыныс-тіршілігімен танысты.

Мәселен, мақсары майын өндіретін «КазИрАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Аз ғана уақыт ішінде аяғына нық тұрған кәсіпорын бүгінде өз өнімдерін Еуропа және Азия елдеріне экспорттайды. Алайда шикізатпен қамтуда мәселе туындап тұрады екен. айталық, өткен жылы жергілікті диқандар мақсарыдан өте аз өнім алғандықтан биыл бұл дақылды егуден бас тартып отыр. Соның салдарынан кәсіпкерлер шикізатты Ресейден сатып алуға мәжбүр және олар алдағы уақытта жергілікті алқаптардың жағдайы оңалар деген үмітте.

Ал Жаңақоғам ауылдық округінде жүзеге асырыла бастаған тұрғындардың табысын арттыру жобасының аяқ алысы жаман емес. «Омар-Шу» кооперативіне округ тұрғындарының үштен бір бөлігі мүшелікке өткен. Мұнда да басқа пилоттық округтердегі секілді шаруалар малдарды көрші аудандардан сатып алуда. Өз кезегінде мұндай қадам облыстағы жалпы мал санын арттырып отырған жоқ.

Облыс әкімі бұл мәселенің өзектілігіне назар аударып, ауылдықтарды бақша ісімен белсендірек айналысуға шақырды.

– Шілде-тамыз айларында барлық пилоттық округ өкілдерін жинап, бұл жобаның олардың табысын арттырудағы рөлін зерделейтін боламыз, – деді өңір басшысы.

Бердібек Сапарбаев Д.Қонаев ауылындағы биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін орта мектепте және Төле би ауылында салынып жатқан спорт кешенінде болды. Өз кезегінде облыс әкімі спорт нысанының құнының қымбаттылығына көңіл аударды.

Сол секілді Төле би ауылы мен Шу қаласының ортасында бой көтерген Салтанат сарайын да сын тезіне алды. Өйткені мұндай нысанға деген  ешқандай қажеттілік жоқ. Сондықтан облыс әкімі оны Оқушылар сарайы секілді тиімді мақсаттарға пайдалануды ұсынды.

Аудан әкімдігінің активімен өткен қорытынды жиында Б.Сапарбаев жергілікті биліктің назарын бірқатар өзекті мәселелерге аударды. 

Әкімдіктер кәсіпорындардың жұмысын қайта қалпына келтіріп, жобалық қуаттылығынан шығуына барынша қол ұшын созу керек.

Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту өте төмен деңгейде. Аудан әкімдігі «Тараз» химпаркі» еркін экономикалық аймағын дамыту мәселелерімен айналыспаған. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек.

Бастысы, биылғы әлеуметтік көрсеткіштер өткен жылғыдан төмен болмауы қажет.

– Шу ауданының әлеуеті әлі әлсірей қойған жоқ. Ауданға 79 жобаны уақытылы жүзеге асыру үшін 8,8 миллиарда теңге бөлінді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде ауданға қатысты 19 сыни материал жарияланған. Алайда әкімдік оның ешқайсысына үн қатпаған. Халықпен тиімді кері байланыс орнатып, көтерілген мәселелерді шешуге барынша көңіл бөлгені жөн,–деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.