Облыс және қала әкімі тұрғындармен кездесті

0

Сенбі, 29 тамыз күні Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы аулаларды абаттандыру жұмыстарымен танысып, білім беру мекемелерін аралады.

Алатау шағын ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бес аула абаттандырылуда. Ол жұмыстармен «Энерджи-Тараз» ЖШС айналысуда.

Аулаларды абаттандыру толық асфальттау, көшелерді жарықтандыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату шараларын қамтиды. Сондай-ақ, балалар мен спорт алаңқайлары салынып, кеңейтілуде.

Бердібек Сапарбаев ең алдымен мердігер мен Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа құрылыс жұмыстарының сапасына айрықша назар аудару керектігін тапсырды.

Аймақ басшысы әткеншектермен және құм алаңқайларын, стрит-воркаут алаңдарын аралап көрді.

— Біз балалардың ашық ауада еркін ойнап, спортпен шұғылдануы үшін барлық қолайлы және қауіпсіз жағдайды қамтамасыз етуіміз керек. Мердігерлер тұрғындардың пікіріне құлақ асып, олардың ескертулерін қаперге алуы тиіс, — деді Бердібек Сапарбаев.

Ол мердігерден жұмыс барысында мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың және балалар арбаларының қозғалысы үшін қолайлы жағдайлар жасалуын талап етті.

Бердібек Сапарбаев тұрғындарды әңгімеге тартып, оларды үйлерінің маңындағы аумақтарды көгалдандырумен айналысуға, ПИК құрамына енуі үшін бірігуге шақырды.

Сондай-ақ, іргелес орналасқан екі үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстарын «НұрИнвестХолдинг» ЖШС жүзеге асыруда. Тұрғындар мердігердің жұмысына көңілі толмайды. Олар жаңа орындықтардың қазірдің өзінде сынып жатқанына, ескі әткеншектер мен сырғанақтардың бояусыз қалғанына, құрылыс қоқыстарының шашылып жатқанын айтып шағымданды. Бердібек Сапарбаев қала тұрғындарын барлық олқылықтардың жойылып, мердігер жауапкершілікке тартылатынына сендірді. Ол бойынша Айтқазы Қарабалаевқа нақты тапсырма жүктелді.

Бұдан бөлек, «Энерджи-Тараз» ЖШС Астана шағын ауданында тағы бес ауланы абаттандыру шараларын аяқтап үлгерген. Ондағы актқарылған жұмыстарға Бердібек Сапарбаев оң бағасын берсе, тұрғындар тарапынан құрылысшыларға алғыс айтылды.
Бұған дейін облыс әкімімен кездесуде «Астана» шағын ауданының тұрғындары футбол алаңын салып беруді, көшелерді жарықтандыруды, шатырлы қоқыс контейнерлерін орнатуды және автотұрақты кеңейтуді сұраған болатын. Тұрғындардың барлық өтініштері ескерілген. Бұған қоса, компания өз қаражаты есебінен тағы бір көрші ауланы абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіп, балалар мен спорт алаңқайларын салып берген.

Айта кету керек, облыс орталығында барлығы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 163 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Одан кейін облыс әкімі ақыл-ойының дамуында кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатына ат басын бұрды. Жақында ғана мектеп нысанына жапсарлас бой көтерген ғимараттың құрылысы аяқталған. Жаңа ғимараттағы спортзал, тігін және ағаш шеберханалары әлі бос тұр. Бастапқы жобалау кезінде жиһаз бен жабдық сатып алуға қаражат бөлінбеген. Жауапты тұлғалардың ешбірі мәселеге уақытылы назар аудармаған болып шықты. Облыс әкімі білім басқармасы басшылығына ескерту жасап, мұндай маңызды істе кемшіліктерге жол берілмеу керектігін атап өтіп, бұл мәселені шешуді тапсырды.

Бердібек Сапарбаев негізгі ғимараттағы сыныптармен, жатын бөлмелерін, акт залын, асхананы аралап, мұқият танысты. Мектеп-интернаттың жұмысы туралы директордың міндетін атқарушы Лиза Аттыбаева жан-жақты баяндап берді. Мұнда ерекше білім беруді қажет ететін 210 бала оқиды. Оларға білікті мамандардың кешенді көмектері көрсетіледі. Психолог, дефектолог, логопед, әлеуметтік педагогтар құралған кәсіби мамандар қатары балаларға түзетудің барлық түрлерін көрсетеді.

Бұдан әрі Бердібек Сапарбаев «Інжу» жекеменшік мектеп-гимназиясына барды. Мектеп-гимназияның директоры Жанна Мәдімарованың айтуынша, мектепте сабақтар қашықтықтан және дәстүрлі түрде де өтеді. Мұғалімдер мектептің жаңа оқу жылына дайын екендігіне сендірді.

Облыс әкімі мектеп ғимаратының қабырғасындағы мотивациялық және танымдық картиналарға айрықша назар аударды. Ол мұғалімдердің оқу-тәрбие беру процесіне деген шығармашылық көзқарастарын жоғары бағалап, Тараз қаласының әкіміне бұл тәжірибені басқа мектептерге де қолдану тапсырылды.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.