Жамбылдық полицейлер бөгде адамның көлігін ұрлап, жол-көлік оқиғасын жасаған мас ер адамды ізін суытпай ұстады.
Ағымдағы жылдың 13 маусымында сағат 15:30 шамасында «102» тетігіне 23 жастағы жігіт автокөлік ұрлығы туралы өтінішпен жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, «Chevrolet Lanos» маркалы көлік Меркі ауылындағы Мәдениет үйінің жанында болған. Көліктің иесі абайсызда есіктерді құлыптамай қалдырған. Белгісіз біреу көлік салонына кіріп, оны ұрлап кеткен.
Белгілі болғандай, автокөлік ұрланғаннан кейін тәртіп бұзушы жол-көлік оқиғасын жасаған. Күдікті тұлға бірден ұсталды. Медициналық куәландыру көрсеткендей, ол мас күйде болған.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жамбыл облысының Полиция департаменті автокөлік ұрланған жағдайда дереу полицияға хабарласуды ескертеді. Ал, хабарламаның уақытында түсуінен қылмыскердің «ізін суытпай» ұстау ықтималдығының соғұрлым жоғары болатындығын көреміз.