Өткізіліп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасының 4 күні ішінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері шет мемлекеттерде есепте тұрған автокөліктердің жалған құжаттарын пайдаланудың 20 дерегін анықтады.
Мәселен, республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолында қызмет атқару кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін шетелдік есепте тұрған «Toyota Estima» маркалы көлігі тоқтатылды.
Құжаттарын тексеру кезінде ер адам полиция қызметкерлеріне көлік құралын тіркеу туралы жалған куәлік бергені және аталған автокөлік құжатта көрсетілген елдің тіркеу есебінде тұрмайтыны анықталды.
Барлық 20 дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігі «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды және сараптама тағайындалды.
— «Қауіпсіз жол» жедел- алдын алу іс-шарасының алғашқы күнінен бастап жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 4200-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеді және мас күйінде автокөлікті басқарған 23 жүргізушіні ұстады. Сонымен қатар, айыппұл тұрағына 118 көлік қойылды, — деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев.