Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов Меркі ауданына іссапармен барып, ондағы бірқатар өнеркәсіптік, ауылшаруашылығы және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Алдымен Аспара ауылында болған аймақ басшысы елді мекендегі 220 орынды №2 мектептің жағдайын көрді. Ертеректе жатақхана болып, кейінірек білім ордасына айналған оқу ошағында қазір екі ауысымда 300-ге жуық бала білім алуда. Бұған қосымша, мектептің бір бөлігінде 50 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Мектеп директоры Бауыржан Мамырбаевтың айтуынша, іргетасы 1986 жылы қаланған ғимараттың орнына 150 орындық жаңа мектеп бой көтерсе, бұл нысан болашақта балабақша ретінде пайдаланылмақ.
Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов Ақермен ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ауылдықтар көкейлеріндегі өзекті сауалдарын жолдап, жауаптар алды.
— Облыс аумағындағы барлық елді мекендерге, ондағы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – басты талап. Барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады,-деген облыс әкімі ауылдықтарға пилоттық жоба аясында жеңілдетілген несие беру, ауылды абаттандыру жұмыстары жоспарланып отырғандығын жеткізді.
Қазіргі таңда ауданда ауыл тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Меркі ауылының оңтүстік шетіндегі 77 және 32 гектар екі учаскеге көп қабатты үйлер салу үшін инфрақұрылымдық желілер тартылу үстінде.
— Қазір ауданда тұрғын үй кезегінде 10 918 азамат тұр. Биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2015 жер учаскесін беру шаралары басталады. Сондай-ақ, осыған ұқсас жүздеген жер телімдері дайындалуда. Мысалы, Ақтоған ауылында 60 гектар және Сарымолдаев ауылында 21 гектар жер әзірлену үстінде, — деді аудан әкімі Жорабек Баубеков.
Аймақ басшысы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, жергілікті атқамінерлерге жерді таратпас бұрын үміткерлерді мұқият тексеріп, жеке тұрғын үй құрылысына арналған алаңдар шынымен мұқтаж азаматтарға берілу қажеттігін баса айтты.
Мұнан соң, облыс әкімі Меркі ауылындағы «Үміт» Оқушылар сарайына ат басын бұрды. Онда аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева баяндама жасап, саланың жетістіктері мен мәселелері жөнінде есеп берді.
— Биыл біз құны 422 миллион теңге болатын 640 оқушыға арналған №5 мектепке күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы бұл тізімге төрт мектеп, 2024 жылы тағы үшеуі кіреді, — деді А.Алтынбаева.
Нұржан Нұржігітов білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовке мектеп салудағы туындаған мәселелерді жан-жақты зерделеп, облыстың жалпы тізіміне сәйкес басымдықтарды белгілеуді тапсырды.
— Өңірдегі әрбір мектепте «Педагог-шебер» біліктілік санаты бар кемінде бір мұғалім жұмыс істеуі тиіс. Ал Меркі ауданында 36 мектепке барлығы 25 жоғары білікті мұғалім бар. Осыған назар аударыңыздар, — деді Н. Нұржігітов.
№9 Меркі колледжін жыл сайын 160-200 түлек тәмамдайды. Олардың 89 пайызы жұмысқа орналасады.
— Өңірдегі 11 колледж ауыл шаруашылығы саласы үшін мамандар даярлайды. Алайда, жергілікті шаруалар жаңа кадрлардың, атап айтқанда дәнекерлеушілердің, тракторшылардың және агрономдардың жоқтығын айтуда. Сонда әлгі түлектер қайда кетіп жатыр? Осыған жан-жақты талдау қажет,- деді Нұржан Нұржігітов.
Бұдан кейін өңір басшысы «Meralko» зауытының жұмысымен танысты. Зауытта бүгінде 75 адам еңбек етуде.
Келесі кезекте облыс әкімі ауданның бас кәсіпорны саналатын «Меркі қант» зауытына барып, өндіріс орнының басшылығымен жергілікті қызылшаны қабылдауға деген дайындығын талқылады.
Атап өту керек, өткен жылы жергілікті қызылшаның өндірістегі үлесі 39,2 пайыздан 52,3 пайызға дейін өсті. Осыған байланысты өңір басшысы Жамбыл ауданының 2000 гектары мен Байзақ ауданының 700 гектарынан қызылша қабылдауды ұйымдастырып, логистикалық байланыс орнатуды тапсырды. Биыл мұнда 200 мың тонна қант қызылшасы түседі деп күтілуде.
Сондай-ақ, облыс әкімі Гранитогорск ауылындағы «Bester Yard» ЖШС-нің балық және балық өнімдерін өңдеу жобасымен және көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған мектеп-интернатынің жай-күйімен танысты.
Мектеп директоры Динара Елемесова оқу корпусына да, жатақханаға да күрделі жөндеу жұмыстары қажеттігіне назар аудартты. Жобаның құны шамамен 221 миллион теңгені құрайды.
Облыс әкімінің аудандағы жұмыс сапары әкімдікте өткен актив жиынында түйінделді.
Басқосуда аудан әкімі Жорабек Баубеков атқарылып жатқан жұмыстар мен әлеуметтік мәселелерді шешу жоспары бойынша баяндама жасады.
Аймақ басшысы жеке инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, әр ауылда бір бағытта жұмыстар жүргізу, асар әдісімен үй салу, күл-қоқыстар шығару, субсидия беру шараларының орындалуына қатысты аудандық бөлімдер мен ауылдық округ әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алды.
— Мемлекет басшысының әр 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу тапсырмасы міндетті түрде жүзеге асуы тиіс.
Әкімдер ауылдағы әрбір ауланың жағдайымен жіті таныс болуы керек. Барлық отбасының тұрақты табыспен қамтылуы маңызды.
Мемлекеттік қолдаулар мен көмектер әр ауылға, шаруалар мен кәсіпкерлерге жетуі керек. Бұл тұрғыдағы көрсеткіштер ауыл әкімдерінің іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетінің деңгейін көрсетеді.
Жұмысқа деген жаңаша көзқарас қажет. Халықтың тұрмысын арттыру, мәселесін шешу — басты талап, — деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.